Уақытша ұстау изоляторында бойжеткен қыз қайтыс болды

1 509

Фото:©Zakon.kzШымкентте кәмелетке толмаған жасөспірімді жарақаттады деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалған 23 жастағы Сания Жұбанышеваның өліміне қатысты мән-жай анықталып жатыр, деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі kaz.zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Резонанс тудырған оқиға туралы адвокат Мұхаммад Алиосман Оглу мәлімдеді. Оның айтуынша, ол әріптесімен бірге Сания Жұбанышеваның мүддесін қорғаған.Қорғаушының сөзінше, 2 мамыр күні таңертең бойжеткен танысының үйінде қонақта болған. Сол жерде бір топ ер адам оны еркінен тыс интимдік қатынасқа көндіруге әрекет жасаған көрінеді.

Адвокаттың айтуынша, Сания сыртқа қашып шығып, құрбыларына геолокациясын жіберіп, полиция шақыруды өтінген. Осы кезде үй ішінде қалған ер адамдар арасында жанжал туындаған. Жұбанышева болған оқиғаны телефонына видеоға түсіріп тұрған. Қорғаушының сөзінше, видеода қолында пышақ ұстаған адамның бейнесі және қорқыту сөздері анық естіледі. Адвокат оқиға орнына келген полиция қызметкерлері бойжеткеннің зорлауға әрекет жасалғаны туралы арызын назарға алмай, оны жасөспірімді жарақаттау ісі бойынша күдікті ретінде танығанын айтты. Қорғаушы тарап Сания Жұбанышеваның бұл оқиғаға қатысы болмағанын мәлімдеп отыр.

"Неліктен қыздың зорлауға әрекет жасалды және жыныстық қысым көрсетілді деген арызы назарсыз қалды? Неліктен ер адамдар арасындағы қарулы жанжал түсірілген бейнежазба ескерілмейді? Неге жәбірленушіні айыпталушыға айналдыруға тырысып отыр? Кешіріңіз, бірақ оны қамаудың қандай қажеті болды? Не үшін? Бұл қыз мұндай әрекет жасаған жоқ. Оның кінәсіз екенін дәлелдеу үшін міндетті түрде өлуі керек пе еді?" – деді адвокат Мұхаммад Алиосман Оглу видеомәлімдемесінде.