Ұрпақтары батырын ұлықтаған

1 117

Фото: Қазалы ауданының әкімдігіЖанқожа батырдың 250 жылдық торқалы тойы ауданда кең көлемде аталып өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Қазалы өңірінде қаншама әлуие-әмбилер, билер мен батырлар дүниеге келген. Олардың ғибратты өмірі, кешкен ғұмыры ұрпақ жадында мәңгілік сақталуы керек. Тарихын төңкерсең талай-талай ғұмырнаманы, талай-талай тұлғаларды көретініміз рас. Қош. Есімі ел аузында батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлының өшпес рухына тағзым ету, Құран бағыштау бүгінгі ұрпақтың борышы.

Мерекелік күн «Елі үшін ту­ған ер Жан­­­қожа» атты театрландырылған қойылыммен басталды. Мерейтойға жиналған барша жұртшылық батырдың рухына тағзым етті. Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр кешенінде өткен шара аудан көркемөнерпаздарының театр­ландырылған қойылымымен бас­талып, баба ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі етілді.

Одан соң аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш сөз сөйлеп, қазақ халқын білектің күшімен, қылыштың жүзімен жау­дан қорғаған батырды ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың басты парызы екенін тілге тиек етті.

Батырдың туған жері Қазалы ауданында кешелі бері мерейтой аясында өтіп жатқан мәдени-көпшілік шаралардың өскелең ұрпақ үшін, аудан жұртшылығы үшін маңызы зор. Ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың барлығы баба мерейтойымен сабақтасып жатыр, – деді аудандық мәслихат төрағасы.

Мерекелік жиында Қызылорда облы­сының құрметті азаматы, «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов құттықтау сөз сөйлеп, батыр бабаның мерейто­йын жоғары деңгейде атап өтуге барша Қазалы жұртшылығы мен басқа облыс, аудандардағы жерлестеріміз халықтық іске жұдырықтай жұмыла білгенін айтып, ризашылығын жеткізді.

Рухани шара аудан өнерпаздарының орындауындағы «Қазалы вальсі» әнімен қорытындыланды.

Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдық мерейтойы аясында түрлі мәдени-көпшілік іс шаралар өтіп, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен бірқатар жаңа нысандар аудан тұрғындарының игілігіне пайдалануға берілді. Соның бірі – «Әмір Арена» спорт кешенінде қазақ күресінен республикалық турнир өтті.

Турнирді аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев ашып, балуандарға сәттілік тіледі.

Баршаңызды алдымен қазақ хандығы кезеңінде Сыр бойында халықтың басын біріктіріп, бір мақсат жолына жұмылдыра білген тарихи тұлға, батыр бабамыз – Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін өздеріңізбен бірге мерейтой аясында ұйымдастырылған тағы бір үлкен шара – қазақ күресінен өтетін республикалық турнирде бас қосып отырмыз. Бүгінгі турнирге еліміздің Алматы, Түркістан, Жамбыл, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан 200-ге жуық спортшы келіп, боз кілемде бақ сынауда. Білек пен жүрек сай келген нағыз палуандардың бәсекесіне сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Республикалық турнирде 90 келіге дейін және 90 келіден жоғары түйе бал­уандар боз кілемде бақ сынады. Турнирдің қорытындысы бойынша жеңімпаздарға басқа өңірлерде тұратын жерлестеріміз және қазалылық кәсіпкер азаматтар, ауданның Құрметті азаматтары мен спорт саласының ардагерлері арнайы қаржылай сыйлықтар табыстап, марапаттады.

Аудан орта­лы­ғында халық батыры Жанқожа Нұрмұхам­медұлының 250 жылдығына және «Алтын күз – 2024» мерекесіне арналған салтанатты шара өтті.

«Жалаңтөс Баһадүр» атындағы орталық стадионда өткен мерекелік кешке Қазалы ауданынан жыраққа кеткен жерлестеріміз бен барша аудан тұрғындары қатысты. Мерекелік шара аудан өнерпаздарының Жанқожа Нұрмұхаммедұлын бейнелейтін тарихи-танымдық көрініспен бастау алды. Мерейтойға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев құттықтау сөз сөйлеп, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың халық батырының 250 жылдығына және «Алтын дән – 2024» мерекесіне жолдаған құттықтауын аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбетке табыстады. Сонымен қатар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасын» «Жалаңтөс батыр» ЖШС директоры Абзал Сәрсеновті марапаттады.

Одан соң аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет сөз алып, жыл басынан бері аудан халқының игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жиналған жұртшылықты қос бірдей мерекемен құттықтады. Мерекелік құттықтаулар табысталғаннан кейін аудан басшысы Қазалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан Тлеубаев Алмас Әбдраманұлына «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағын тапсырды. Сондай-ақ «Алтын дән – 2024» салтанатты шарасы аясында ауыл шаруашылығы саласының озаттарын облыс және аудан әкімдерінің «Алғыс хатымен» марапаттады.

Халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған мерекелік шара әрі қарай Төреғали Төреәлі, Айбек Қайбулла, Ринат Шамшырақ сынды эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала концерт пен от шашуға ұласты. Аудан өнерпаздары жиылған көпшілікке ән мен биден шашу шашып, мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Қазалы ауданының тұрғындары мерейтойдың келесі күні таңсәріден Әйтеке би кентінің аумағындағы Әбдіраман төбеде бас қосты. Мұнда мерейтой қарсаңында ат бәйгесі ұйымдастырылды. Республика бойынша кіл мықты шабандоздар төбе көрсеткен бәйге тартысты өтті.

Аламан десе делебесі қозатын көпшілік әуелі тай бәйгесіндегі сәйгүліктердің шабысына куә болды. Одан соң құнан, сосын тоқ және аламан бәйгесіне жалғасты. Төрешілердің пәрмені берілгеннен қатар шапқан шабандоздар соңына дейін жарысып, дүйім жұрт тартысты бәйгенің куәсі болды. Нәтижесінде үздік шабандоздар жеңіс төрінен көрініп, белгіленген жүлделерге қол жеткізді.

Әбдіраман төбедегі бәйгені аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет пен мерейтойға жиналған қонақтар және аудан тұрғындары тамашалады. Айта кетейік, мерейлі мерейтой қарсаңында ұйымдастырылған бәйгенің көрігін аламан ашты.

Додада 31 шабандоз сынға түсті. Олар 24 шақырымдық аламан бәйгесінде анықталды. Бас жүлде шиелілік Ерғали Жетпісовтің «Айналайын» атты сәйгүлігіне бұйырды. Бәйгенің бас жүлдесі – автокөлік кілтін аудан әкімі табыстады.

Аламан бәйгеде екінші орынды Жамбыл облысынан Мұбархан Қазбековтің «Самалкүреңі» еншіледі. Үшінші орын Арал ауданынан келген Қожабек Якудаевтің «Қозыкүреңі» иемденді. Ал төртінші орын Қазалы ауданы, Абай ауылының атынан шыққан Әбілхайыр Кадировтың «Спартак» атты сәйгүлігіне бұйырды.

Мерекелік датаға орай ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Ауыл өнімдерінің жәрмеңкесін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет пен мерейтойға арнайы келген қонақтар да бірге аралады.

Алтын күздің тоқшылық мерекесіне кент және ауылдық округтерден барлығы 45 көлікке тиелген 10 тонна күріш, 1 тонна ет пен 2 тонна сүт өнімдері, 3 тонна балық, 60 тонна картоп және көкөніс өнімдері, 40 тонна бақша өнімдері, 1 тонна «Қазалы» кәмпиті сонымен қатар қой, тоқты әкелінді.

Жәрмеңке барысында мерейтойға келген қонақтар тарапынан әсіресе Қазалының кәмпиті мен балық өнімдеріне сұраныс жоғары болды.

Аудан диқандары мен тауар өндірушілері жеміс-жидек, көкөніс дақылдары және азық-түлік тауарлары, ет және балық өнімдерін аудан тұрғындарына нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмен бағада ұсынды.