Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

1 568

Фото: Сырдария Ауданының ӘкімдігіАуылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Ақ әжелер» ансамбілінің құрылғанына 15 жыл толуына орай шығарылған кітаптың тұсаукесер рәсімі өтіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген әжелерге құрмет көрсетілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Көрікті ауыл Нағи Ілиясовтың аты бүгінде республикаға танылған. Еліміз бойынша «ауылдардың астанасы» деген атқа лайық ауылдың тыныс-тіршілігіне көз сүйсінеді. Апта ағымында үлгілі ауылда керемет мәдени іс-шара өтті. 

Тағылымы мол іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев, «АMANAT» пар­тия­сының аудандық филиалының Атқару­шы хатшысы А.Ибрагимұлы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Қалдыбаева, Н.Ілиясов ауы­лының әкімі С.Нұрмағанбетов, сала арда­герлері мен ауыл тұрғындары қатысты.

«Ақ әжелер» ансамблі 2008 жылы ауыл­дық мәдениет үйінің жанынан құрылған. Халықтық атағы бар ұжым құрамында түрлі сала маман ардагерлерінен құралған күміс көмей әншілер өнер көрсетеді. Биыл республикалық «Кел, шырқайық!» теле­визиялық байқауда, республикалық байқау­да топ жарып, жүлдемен оралған ұжымның мерейі үстем болды.

Көпшіліктің басын қосқан іс-шара алдымен ауыл кітапханашысы жиналған қауымға ауыл тарихынан сыр шертіп, арнайы көрме­мен таныстырудан басталды. Сонан соң ел ақсақалдары мен сала ардагерлері «Әжелер ән салады, жұртшылық тамсанады» деген жаңа кітаптың лентасын қиды. Ансамбль­дің мерейтойына арналған кітап Абзал, Дархан Ералиевтердің қолдауымен, Ақтөре Ибрагимұлының авторлығымен жарық­­қа шықты. Тағылымды кеш «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы» тұжырым­дамасы бойынша «Сұхбат тайм» жобасына жалғасты. Сұхбатта ақ әжелер ансамбльдің құрылу кезеңінен бас­тап, жеткен жетістіктерін баяндады.

Мерекелік кештің алғысөзін аудан әкімі­нің орынбасары Талғат Нұртазаев бас­­тап, аудан әкімінің құттықтау алғысын жеткізді.

Батырлар мен еңбек майталмандары шыққан Нағи Ілиясов ауылының алатын орны ерекше. Бұл ауылдың хал­қының мәдениеті де, қоғамдық сананы жаңғырту жолындағы бастамалары да ерекше. Ауыл халқы, оның ішінде «Ақ әжелер» ансамбілінің мүшелері біздің әрбір баста­мамызға, жұмысымызға тілектес болып, қолдау білдіріп келеді. Мұның бәрін мен терең сезінемін және жоғары баға­лаймын. Ауылдың өнерін өрістетіп, мәдениетін биіктетіп жүрген әжелердің атқарған жұмысы мен сіңірген еңбегі көпке үлгі-өнеге. Талай бәйгелерде топ жарған, көршілес облыстарды да мойындатқан әжелердің жетістігі ауылдың да даңқын асқақтатуда. Мұндай әжелері, ансамбілі бар ауылдың жұлдызы биікте деп ойлаймын, – деді Талғат Нұртазаев.

Мұнан соң «Ақ әжелер» ансамбліне кі­­тап авторы, аудандық мәслихат депута­ты, «АMANAT» партиясының аудандық фи­­­лиалы­­­­­ның Атқарушы хатшысы А.Ибрагимұлы тілек­тестігін білдірді.

Халқының аты да, даңқы да адал ең­бек­пен, бекем бірлікпен, тындырымды тірлікпен шыққан керемет сәулеті мен дәулеті жарасқан Нағи Ілиясов ауылын­дағы әжелердің қуанышына, ауылдың ор­тақ қуанышына келіп, сіздермен жүздес­кені­мізге қуаныштымыз. Ауыл рес­публикаға бел­гілі атақты ауыл. Тілектес болып, жақсы жаңа­лығына болысып, жақсы­лығына атсалы­­суды азаматтық міндетіміз деп санаймыз. Оның үстіне мен де бұл ауылға бөтен емеспін. Менің отбасымды, өсіп-өнген әуле­тім­ді осы жерде жақсы білетін кісілер отыр. Мектепке аты берілген Түймебай Айтбаевтай дара тұлғаға кезінде келіндік мін­детін атқарған әкемнің туған апасы Нағима апа осы ауылдың тумасына айналып кеткен. Сондықтан біз де осы ауылдың бір баласымыз, түлегіміз деп есептейміз, – де­ген Ақтөре Ибрагимұлы кітап жөнінде, оны жазу кезіндегі қызықты естеліктерге тоқталды.
«Жылдың басында аудандық газет­тің бас редакторы ретінде жыл бойы шығаратын кітап жазу жұмысын жоспар­ладық. Өлкетанушы Жәнібек Маханбеттің кітабын бастап кеттік. Сол кезде Жанат Шайзадаева келіп, қолқа салып, «әжелер­дің де кітабын жазуды қатар атқарсаңыз» деп айтты. Басында қашқақтадым, бірақ, әжелердің өздері, кейін Абзал, Дархан ағалар айтқаннан кейін бұл жауапкершілік міндетті тереңнен сезіндік. Кітап жазу қиын әрі оңай болды. Қиын болатын себебі барлық әжелердің ансамбль құрылғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі жетістіктерін ел-халық біледі. Оның барлығын кітапқа енгізіп, кірістіріп, жан-жақты қамту оңай жұмыс емес. Ал оңай болғаны ансамбльдің тарихын білетін ел ағалары, мәдениет сала­сының майталмандарының барлығы түгел екен. Сондықтан осы жұмысты бас­тап, бүгін өздеріңіздің қатысуларыңызбен тұсаукесері өтуде» деді қаламгер.

Әрине кітап жазу жауапты жұмыс. Кітап­тың жақсы, сәтті шығуы үшін қажетті ақпараттар қажет. Осындай жұмыстың басы-қасында жүрген ансамбльдің көркем­дік жетекшісі Жанат Шайзадаеваның, ансамбльдің құрылуына атсалысқан сол кез­­дегі ауылдық мәдениет үйінің директоры болған Күләш Құдабаеваның да еңбегі зор.

Мерейлі іс-шарада ауыл әкімі Сағдат Нұрмағанбетов мерейлі белеске жеткен әже­лерді құттықтады. Кітаптың жарыққа шығуына атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді. Ансамбль құрамындағы 13 әжеге сый-сияпат көрсетіліп, аудан әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.

Сонан соң ауданнан келген қонақтар аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұ.Жанәлиева, аналар кеңесінің төрайымы Б.Өтегенова, аудандық мәдениет және тіл­дерді дамыту бөлімінің басшысы А.Қалдыбаева жылы лебіздерін білдірді.

Мерекелік кешке жиналғандар «Ақ әже­лер» ансамблінің орындауындағы әндер­ді тыңдады. Тамылжыта ән салған әжелер «Сыр елім», «Ахау-керім», қазақ әндерінен попурри т.б. халық әндерін орындады. Сондай-ақ биылғы жылы ауданда мәде­ниет саласы ардагерлерінен құрылған «Алтын қазына» ансамбілі, бесарықтық «Жан шуағы», шіркейлілік «Ақ дариға» әжелер ансамбілі мен Қоғалыкөлден келген Әкелер ансамбілі де өнер көрсетті.Сырдария ауданында жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі ауқымды өтті. Бұл шара ауданның мәдени өмірінде ерекше орын алып, әдебиет сүйер қауымның, сондай-ақ, кітапханашылар мен жазушылардың басын қосты. Жаңа туындыны таныстыру мақсатында өткен салтанатты іс шараға ауданның шығармашыл зиялы қауымы, қоғам қайраткерлері, жастар және кітап оқуды сүйетін оқырмандар қатысты. Авторы  ауданымыздың тумасы, белгілі ақын, жазушы немесе қоғам қайраткері. Бұл шығарманың ерекшелігі  оның ауданның тарихы, мәдениеті, халықтың өмірі мен құндылықтарын баяндайтындығында. Кітаптың әрбір тарауы ауданның өткенін, бүгінін және болашағын қозғайды сондай-ақ жергілікті тұрғындардың өмірлік жолдарын, еңбек даңқтарын, ұлттық дәстүрлерін көрсетуге арналған. Жаңа шығарма жазу барысында зерттеулер терең талдау жасады.