Жалағаш ауданының тұрғындарына тегін құқықтық көмек көрсетілді

1 655

Фото: Жалағаш ауданының әкімдігі«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында аудан тұрғындарына тегін құқықтық көмек көрсетілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Нақтырақ айтқанда, жоба шеңберінде түрлі сала мамандарынан құралған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ» жалағаштықтарды қабылдап, олардың көкейінде жүрген сауалдарына заң аясында жауап берді.

Жалағаш ауданының тұрғындарына кеңес беру науқанында мобильді топ мүшелері тұрғын үй алудың тәртібі, тұрғын үйді жекешелендіру, зейнеткерлікке шығу, жұмысқа орналасу, алимент өн­діру, егін алқаптарына су тарту, міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тан­ды­ру­ды жүйелендіру және ауыл ша­руа­­­шылығына жеңілдетілген несие алудың тәртібі, жемқорлыққа қарсы іс-қи­мылға жәрдемдесетін азаматтарға мем­ле­кет тарапынан көрсетілетін кө­тер­ме­леу­лер, берілетін сыйақы мөлшері туралы ақпарат берілді.

Облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен ұйымдастырылған науқанда ауданға қарасты шалғай елді мекеннің тұрғындарына жер­гілікті атқарушы орган және мемлекеттік орган өкілдері, антикор ерік­тілері, ад­во­каттар мен заңгерлер, сот орын­даушылары құқықтық көмек көр­сетті. Сондай-ақ азаматтардың жүгін­ген мә­селелері Департамент басшылы­ғының бақылауына алынды.

Бүгін мен өзімді мазалап жүрген сұрағыма жауап алдым. Заңгер ма­ман­дар маған барлығын түсіндіріп берді. Себебі бұл жерде нақты сала мамандары отыр. Осындай ха­лық­қа тиімді қабылдау ұйым­дасты­рыл­ғанына қуаныштымын. Өйткені көп жағдайда халық мұндай қызметтерге арнайы ақы төлеп, барып жатады. Өз басым осындай жиын болады дегенді естіп, арнайы осы жерге келдім, – дейді аудан тұрғыны Сәлім Мақажанова.

Қоғамдық қабылдау кезінде ау­дан, ауыл азаматтарының әлі де бол­са құқықтық заңдарды толық біле бер­мейтіні анықталды. Енді осы ба­ғытта жұмыстар жүргізілетін бо­лады. Нақтырақ айтқанда, ауыл тұрғын­да­рына сыбайлас жемқорлыққа жол бер­меу үшін қабылданған заңдар мен бағдарламалар туралы жан-жақ­ты ақпарат беріліп, керек болса түсі­нік жүргізіледі. Мұндай шаралар сыбай­ластықты азайтатыны анық. Қабылдау барысында тұрғындарға ақпараттық үнпарақтар таратылды.

Бұл жоба сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл және түрлі ме­кемелердің қызметіндегі ашық­тық­ты арттыру саласында маңызды мін­деттер қояды. Мобильді топтың не­гізгі мақсаты – азаматтардың заң кон­суль­тациясына қол жеткізуін қам­тамасыз ету және олардың өзекті мәселелерін заңға сәйкес жедел шешу. Жалпы облысқа қарасты ау­дан, ауылдық елді мекендерге бару жос­парлануда. Көшпелі кездесулер жергілікті тұрғындар көп жиналатын жерлерде ұйымдастырылады. Бұл жер­гілікті Қазпошта пункттері, әкімдік­тер, ХҚКО, мектептер, базарлар және ірі дүкендер. Кез келген азамат келіп, мобильді топ өкілдерінен қажетті кеңе­сін тегін ала алады, – дейді Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің Қызылорда облысы бойынша де­партамент басшысы Олжас Мырзағалиев.

Айта кетсек, сыбайлас жемқор­лыққа қарсы мобильді топ мүшелері облыс аумағындағы елді-мекендер мен ауыл тұрғындарына тегін кәсіби-құқық­тық көмек көрсетуді жыл соңына дейін тұрақты түрде жүргізетін болады.

Сыбайлас жемқорлық — бұл мемлекеттік органдарда немесе жеке секторда лауазымды тұлғалардың өздерінің қызметтік жағдайын жеке пайда үшін пайдалануы, яғни мемлекеттік ресурстарды немесе билікті жеке мақсаттарға қолдану әрекеті. Сыбайлас жемқорлық қоғамның түрлі салаларына зиян келтіреді және экономикалық, саяси, әлеуметтік дамуға теріс әсер етеді. 

Сыбайлас жемқорлық экономиканың дамуына кедергі келтіреді. Қоғамдық ресурстарды тиімді пайдалану мүмкіндігі азаяды, инвестициялар мен бизнестің өсуі тежеледі. Бұған қоса, мемлекеттік сатып алу мен тендерлердегі парақорлық нәтижесінде сапасыз немесе артық шығындалған жобалар іске асады.

Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік теңсіздікке алып келеді. Қызмет көрсету мен ресурстарға қолжетімділік тек «ақша төлеушілерге» немесе жоғары лауазымды тұлғалармен байланысы бар адамдарға ғана қолжетімді болады. Бұл қоғамдағы сенімнің төмендеуіне, кедейлік пен әлеуметтік шиеленістерге әкеледі. 

Сыбайлас жемқорлық — қоғамның дамуына, мемлекеттік басқарудың тиімділігіне және әлеуметтік әділеттілікке үлкен зиян келтіреді. Онымен күресу үшін тек заңнамалық және әкімшілік шаралар ғана емес, қоғамның әрбір мүшесінің саналы қатысуы қажет. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру, азаматтық қоғамның белсенділігі мен құқық қорғау органдарының жұмысының тиімділігін күшейту маңызды қадам болып табылады.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – қоғам талабы. Мінсіз қоғам – жем­қорлықсыз қоғам, салауатты өмір – парақорларсыз өмір, мықты мемлекет – жемқорларсыз мемлекет. Бүгінде оның алдын алу үшін көптеген іс-шаралар қолданылып, атқарылған жұмыс аз емес. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Өкінішке орай, сыбайлас жемқорлық әлі де біздің қоғамның ауыр дерті болып отыр. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттердің көпші­лі­гінде бар. Қазақстан да одан сырт қал­ған жоқ», деп атап өткен болатын.

Осы ретте сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқық­тық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өз құқығын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет.

Сы­байлас жемқорлықпен күрес ая­сын­­да тиімді саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін тө­мен­дету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бү­гінгі күндегі басты мақсат болып отыр. Сондықтан мемлекет пен қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірігіп, әрекет етуі керек.