Аққулардың өліміне Rixos қонақүйінің қатысы бар ма?
Экологтар әлеуметтік желілерде тарап кеткен видеоға қатысты пікір білдірді. Видеода Rixos қонақүйі лас суды Қаракөл көліне ағызып жатқанын көруге болады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қоғам белсенділерінің сөзінше, Қаракөлге құйылған белгісіз қара сұйықтық аққулардың өліміне қатысы бар болуы мүмкін. Осы мәселе бойынша экологтар мен орнитологтар тексеріс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, Маңғыстау облысы бойынша Экология департаменті жуырда Қаракөлге лас суды жіберу дерегін тексеретінін хабарлады.
Басылым мәліметінше, қонақүй ағынды суды Қаракөлге бірінші рет жіберіп тұрған жоқ. Екі жыл бұрын Rixos қонақүйі ағынды суды төгу кезінде экологиялық заңнама талаптарын бұзғаны үшін 76 миллион теңге айыппұл төлеген болатын.
Rixos Water World Aktau қонақүйі Ақтау қаласынан 20 шақырым жерде, Каспий теңізінің жағасында орналасқан. Қаракөл - сулы-батпақты жер, яғни ол ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Ол республикалық маңызы бар Қарағай-Қаракөл мемлекеттік зоологиялық қорығына жатады. Көлде Қазақстанның Қызыл кітабына енген бұйра пеликан мен савка сияқты құстар мекендейді. Сонымен қатар, халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне енгізілген құстардың 20-дан аса түрі мекендейді.
Еске салайық, бұған дейін Ақтауда көл жағасынан 30 аққу өлі табылғаны хабарланды. Ал кейін "Қаракөл" көлінің жағасынан 300-ден аса өлі аққу табылды.
Кеше Маңғыстау облысында қырылған сыбырлақ аққу саны 601-ге жеткені белгілі болды.