Өрттен қашқан балалар төртінші қабаттан секіріп кеткен
Батыс Қазақстан облысына қарасты Ақсай қаласында көпқабатты тұрғын үйден өрт шықты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Өрт 22 қараша күні таңертең Ақсай қаласында оныншы шағын аудандағы №19 үйде болған. Батыс Қазақстан облыстық ТЖД дерегінше, төртінші қабаттағы пәтерде жиһаз бен жеке заттар өртке оранған. Қызыл жалын ауданы 60 шаршы метрді құрады. Құтқарушылар 12 адамды эвакуациялады, олардың жетеуі балалар.
Желіде оқиға орнынан түсірілген бейнежазба таралып жатыр. Кадрда екі кішкентай баланың төртінші қабаттың терезесінен секіргенін, ал төменде оларды төсеніш ұстап тұрған ер адамдар ұстап алғаны бейнеленген. Екінші бала құлаған кезде төсеніштің шеті жылжып кеткен. Екі бала да ауруханаға жеткізілді.
Өрт сағат 09:47-де ауыздықталды. Мамандар өрттің шығу себептерін анықтап жатыр.