«Жылудың ақшасын уақытылы төлесек те үйіміз жылымай отыр». Қызылордалық тұрғындар жанайқайын жеткізді

804
Қызылорда облысында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте коммуналдық қызметтердің жұмысы туралы айтылды, - деп хабарлайды «Opennews.kz»  ақпарат агенттігі.

Жыл басынан бері салада атқарылған жұмыстар айтылған брифингте «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК директоры Сатханов Наурыз Асанханұлы жылу беру орталығының толықтай жұмыс істеп тұрғанын, қазандықтардың жылу беру маусымына сақадай сай екендігін тілге тиек еткен болатын.

«Сыртқы ауа-райының температурасына байланысты жыл сайын арнайы кесте жасалады. Сол кесте бойынша жылу температурасын бақылап отырамыз. ЖЭО және Оңтүстік бу қазандықтары қаламызды толығымен жылумен қамтамасыз етіп отыр. Мейрам күндері бізде арнайы кезекшілік құрылып, кесте бойынша жұмыс жасайды. Тұтынушыларымызға да ескертпе, жылу төлемақысы әр айдың 25-не дейін төленуі керек. Егер белгіленген уақытқа дейін төленбесе үстемақы ұсталады»,деді  Сатханов Наурыз Асанханұлы.

Сонымен қатар, «Қызылорда жылу электр орталығы» директоры көпқабатты тұрғын үйлерде жылудың мардымсыз болуына байланысты арнайы сала мамандары жауапты екенін, нақты мекен-жайдағы тұрғын үйлердің жағдайымен танысып, жөндеп беретінін де атап өтті.
Дегенмен, облыс орталығындағы біршама көпқабатты тұрғын үйлердің өзекті мәселесі орталықтандырылған жылудың бәріне бірдей қосылмауы болып отыр. Жылу берілгенімен, жылу батареяларының жылымай қалғаны тұрғындарды ашындырып отыр. Мысалы, қала орталығындағы Абай көшесі №39 үйдің бір подъездіне толығымен жылу берілмеген. Тиісті мекемелер жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тұрғындар қаржысына жылу батареяларын алмастырғанымен ешқандай нәтиже болмай отыр.


«Қыс басталғалы үйде жылу жоқ. Үстіме қалың киініп отырмын. КСК-ға жүгінсек, шақыруымызға келіп, көріп кетеді. Алайда, жөнделіп жатқан ештеңе жоқ. Өзім 2-ші топ мүгедегімін. Қашан бізге жылуды толықтай қосады? Жылда бұлай болмайтын еді, биыл жылу дұрыс берілмей отыр. Жергілікті мекемелердің барлығының есігін тоздырдым, алайда еш нәтиже жоқ. Жылу дұрыс қосылмаса, не үшін ақша береміз», – дейді №39 үй тұрғыны Тұрсынбек.


 
Ал, Абай көшесінің бойындағы тұрғын үйлерге қарасты КСК «Рауан» тек Абай көшесіндегі №39/34 үйде ғана жылу жоқ екенін, сол үйдің батареясынан ғана ақау шығып тұрғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда орын алған олқылықтарды қарастырып, арнайы мамандарға жүктейтіндігін және қалған үйлерге жылу жоғары деңгейде беріліп отырғанын айтты.

Соңғы кезде көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарының жылудың жоқтығына байланысты шағымданған жазбалары әлеуметтік желілерге жиі шығатын болған. Дегенмен, ол жазбаларға жергілікті мекемелер «назарға алынды» деген сарында жауап бергенімен, жағдай өзгеріссіз қалып отыр. Айталық, қаланың сол жақ жағалауынан бой көтерген жаңа үйлердің де біршамасы жылусыз қалып отырғандығы да белгілі болып отыр.


Тұрғындарды толғандырған мәселеге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Оспанов Бауыржан Әліпбайұлы «Бұл мәселе арнайы жауапты тұлғаларға тапсырылды», - деп жауап берген. Ал, Қызылорда тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысы  Рысбек Абзал Рысбекұлы  «Қажетті шаралар қолданылады», – деп жауап берген.
Дегенмен, тұрғындар жауапты мекемелер келіп, тексеріп іске қосып бергеннен кейін де жылу мардымсыз болып қалатындығын айтуда. Кейбір тұрғын үйлердегі жылудың болмауы  құбырлардың істен шыққандығынан деушілер де бар.


«Қыс басталғалы жылу мардымсыз болып тұр. Жергілікті мекемеге хабарлассақ, дұрыс жауап бермейді. Келіп жөндеп те берген жоқ. Өзімнің 3 балам бар, 4-шісіне аяғым ауыр. Ал үйдің жылуы, міне, өздеріңіз көріп тұрғандай салқын. Үйде қалың киініп жүреміз. Балаларым үйдің салқындығынан ауырып қалды, сондықтан дәрі-дәрмектен көз ашпаймыз. Жылудың ақшасын уақытылы төлеп отырмыз, бірақ үйіміз жылымай отыр», – дейді көпбалалы ана Лиза Амандықова.

Қаланың сол жақ жағалауының бірқатар көпқабатты үйлерінде де жылу жоқ екендігі анықталып отыр.

«Мен №50 үй тұрғынымын. Бір аптадан бері үйімізде жылу жоқ. Бұлай жалғаса берсе, салқыннан батарея жарылады. Тоқ пеш қосып отырмыз. Мәселемізді айтсақ, жауапты мекемелер бір-біріне сілтейді», – дейді сол жақ жағалау тұрғыны Айсұлтан Нұрбаев.

Айта кетерлігі, сол жақ жағалаудағы №50-ші үй жаңадан бой көтерген көпбалалы аналарға берілген баспана. Қазіргі уақытта осы тұрғын үйлердің жылуы өзекті мәселе болып отыр. Әзірге түйткілді мәселенің қашан шешімін табатыны белгісіз.

Тұмар Ханым