Қызылордалық дәрігерлер құқығын қорғап, сотқа дейін барды
Қызылорда облысында фтизиопульмонология орталығының мамандары 10 жыл бойы әлеуметтік төлем ала алмай келген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Соның салдарынан қызметкерлердің көбі заңда көрсетілген жеңілдіктен айырылып, уақытылы зейнетке шыға алмай келген. Мұндағылар жылдар бойы туберкулезге шалдыққан науқастарға ем жасағандықтан, өздерінің де кез келген уақытта ауру жұқтыру қаупі бар. Сондықтан мамандардың ай сайынғы жалақысына 5 пайыз қосымша әлеуметтік төлем аударылып отыруға тиіс болған. Алайда 10 жыл бойы бұл талап ескерілмеген. Дау тудырған мәселе қалалық сотта қаралып, 54 қызметкерге әлеуметтік төлем төленетін болды.
Заңға сәйкес аса қауіпті қызметте жұмыс істейтін әйелдер 51, ал ерлер 58 жастан зейнетке шығуы тиіс. Енді бұл орталықтың шамамен 40 маманы осы жеңілдікке іліге алады. Өндірілуі қажет әлеуметтік төлемнің жалпы сомасы 40 миллион теңгеден асты.
Үкім 1 айдың ішінде заңды күшіне енеді.