Қазалы ауданында Кәсіпорын әлеуеттілігі кеңеюде
Қазалы ауданында Кәсіпорын әлеуеттілігі кеңеюде,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Қазалы ауданындағы маңдайалды кәсіпорынның бірі – Сәбит Өтегенов басқаратын «LCI-MK» ЖШС. Олар жылына он мың текше метр темір-бетон бұйымдарын және конструкцияларды өндіре алатын іргелі кәсіпорын.
Қырық жылға жуық уақыт бұрын, яғни кеңестік кезеңде бой көтерген зауыт Батыс Қазақстан теміржол басқармасы құрамындағы «Жолқұрылысы» тресі қарамағына кірген. 2005 жылы «МО-1» ЖШС-ның құрамында №2 Қазалы бөлімшесі болып қайта құрылса, артынша «LCI-MK» ЖШС Қазалы филиалына айналды. Бүгінде бұл кәсіпорын – аудан экономикасының дамуына үлкен үлес қосуда.
Негізінен кәсіпорын құрылысқа керекті жабдықтарды дайындайды. Соған сәйкес жыл санап тапсырыс берушілер қатары да артуда. Мұнан бөлек өткен жылы дарияның екі бетінде орналасқан тұрғындардың тілегі орындалып, көңілдері демдеген болатын. Оған себеп «Әлсейіт» көпірінің салынуы. Ал бұл ұзындығы 219, ені 12 метрлік көпірді салу барысында темір-бетонмен қамтамасыз еткен біз сөз етіп отырған кәсіпорын. Қарқынды құрылыс барысында «LCI-MK» ЖШС-ның Қазалы филиалы сұранысқа сай 9500 дана темір-бетон балкасын жасаған. Осы сынды темір-бетон конструкцияларын кез келген кәсіпорын шығармайды.
Филиал басшысының айтуынша, былтырдан бастап автомобиль көпір құрылысына керекті «ВТК-33У» маркалы аралық құрылыс балкаларын құю технологиясы шешімін тапқан. Тіпті оған қажет қосымша техникалар мен қондырғылар алынды. Бүгінде осындай конструкция Орал қаласындағы көпір құрылысына жөнелтілуде.
– Тапсырыс пен сұранысқа сәйкес жұмыс жүргізу қазіргі кезде заман талабы. Атыраудың ірі компанияларымен және жергілікті құрылыс мекемелерімен әріптестік байланыс орнатып келеміз. Шикізатты Жаңақорған, Шиелі аудандары мен Ақтөбе қаласынан алдырамыз. Сапаны басты орынға қоямыз. 18, 21, 24, 33 метрлік балка шығаратын зауыт Қазақстанда санаулы, – дейді білікті басшы Сәбит Рахметұлы.
Қазірде зауытта 80-ге жуық адам нәпақа тауып жүр. Оның ішінде отыз жылдан астам ерен еңбегімен көзге түскен абыройлы азаматтар аз емес. Өндірістің жұмысы тұралап қалмас үшін ондағы қызметкерлерге тиісті жағдай қарастырылған. Нақтыласақ, жаз бен қысқа арнайы жұмыс киімі және күнделікті денсаулыққа зиянын тигізетін цехтағы мамандарға сүт өнімі таратылады. Араға жыл салып он төрт жасқа дейінгі бүлдіршіндерге Алматы қаласын «Маралсай» демалыс орнына тегін жолдама беріледі. Жұмыста ерекшеленген азаматтардың еңбегі атаулы күндері елеусіз қалмайды.
Өндіріс басшысы алғаш еңбек жолын 1994 жылы бастаған. Осы орында келген күннен жұмыстың қыр-сырымен танысып, бүгінде барлығын жетік меңгеріп үлгерген. Ол ең әуелі Шымкент қаласындағы химия-технология институтында білім алып, инженер-құрылысшы мамандығын алып шыққан. Артынша зауытта ОТК шебері, кейін бетон құюшылар бригадирі, еңбек қорғау мен техникалық қауіпсіздік инженері, бас инженер қызметтерін атқарды. 2005 жылы №2 бөлімше болып қайта құрылған шақта бөлімшені басқарды. 2013 жылы мекеме атауы «LCI-MK» ЖШС-ның Қазалы филиалы болып өзгеріп, филиал басшысы лауазымына бекітілді.
Өндіріс орынды аралау барысында мекеменің жеткен жетістіктерін жинақтайтын бұрышпен таныстық. Онда басшының «Құрылыс саласындағы үздік кәсіпкер» дипломымен марапатталып, ІІ дәрежелі «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсының «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясының жеңімпазы атанғанын білдік. Одан бөлек облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаты жиналған. Тіпті жергілікті құрылыс саласын дамытудағы жемісті еңбегі үшін Құрылыс және коммуналдық шаруашылық агенттігінің Құрмет грамотасына қол жеткізіп, «Құрметті құрылысшы» төсбелгісін омырауына таққан. Сондай-ақ «Сапа көшбасшысы» Құрмет грамотасын еншілеген.
Өткен жылы кәсіпорын жалпы құны 1 миллиард 150 миллион теңгенің 16113 текше метр өнімін шығарса, биылғы 9 айда құны 850 миллион теңгеден астам 15620 текше метр көлемдегі темір-бетон конструкцияларын дайындады. Кәсіпорынның бас құрылымы басқа өңірде орналасқанмен, барлық салық жергілікті мемлекеттік кіріс органдарына төленеді.
Айта кету керек, зауыт теміржол, құбырлар және жоғары кернеулі желіге арналған, ВЛ10кВ бағана мен көпқабатты үй құрылысына қажетті темір-бетон бұйымдарының 60 түрін өндіреді. Сондай-ақ балканың ортасына жүретін қажетті трост Ресейден келеді екен. Ал мұны шығаратын зауыт елде, яғни Жезқазған қаласында ғана бар. Дегенмен сапасы нашар.
Сәбит Өтегенов бізбен әңгіме барысында қол астындағы азаматтардың арасында жастардың саны аз екенін айтып қалды. Олардың қара жұмыстан тартынып, басқа орындарда жүргенді қалайтынын тілге тиек етті. Ендігі жерде осы түйткілді тарқату турасында, алдағы жылдан бастап білек сыбана кірісетінін жеткізді.