«Семей полигонын пайдалануға беруі мүмкін» – министр

319
Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Мәжілістің қарауында жатқан Семей полигоны туралы заң жобасына түсініктеме берді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі  Turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

2015 жылы Энергетика министрлігі Семей полигонының жерлерін ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға тыйым салған болатын. Биыл өңірдің көптеген аудандарында ауа мен судың жағдайы адамдарға қауіп төндірмейтіні хабарланды. Осы арада полигон жерлері пайдалануға рұқсат беріледі деген қауесет тарады.

Министрдің айтуынша, аталмыш мәселені реттейтін заң жобасы  Парламент Мәжілісінде қаралуда.

«Қазір Мәжілісте министрлік әзірлеген жаңа заң жобасы талқылануда. Бұл Семей полигоны бойынша мәселелерді реттейтін заң жобасы болады. Біз тиісті талдау жүргіздік. Семей полигонының жалпы ауданы 18 мың шаршы шақырымды құрайды. Оның жартысы ауыл шаруашылығының пайдасына берілуі мүмкін учаскелер. Яғни, осы заң жобасы Мәжіліс пен Сенатқа өткеннен кейін аталған учаскелер пайдалануға беріледі деп үміттенеміз», – деді Энергетика министрі.