Қызылордадағы әлеуметтік дүкендерде саудаланатын өнім сапасыз ба?

10 118

Қызылордада «Байқоңыр Әлеуметтік кәсіпкерлік Корпорациясына» тиесілі өнімдер қоқыс полигонына жөнелтілген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 



Қызылорда өңірінде соңғы уақытта көпшілік күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы көтеріліп кеткен болатын. Негізсіз шарықтаған баға салдарынан болған қымбатшылық бүгінде әлеуметтің алаңдаушылығын тудыруда. Тіпті аймақта соңғы бір аптаның өзінде бірнеше тауардың бағасы бірден өскен.


Бүгінде қымбатшылық айлығын шайлығына жеткізе алмай отырған кейбір отбасылар үшін оңайға түспей отырғаны анық. Бірақ қазіргі кезде өңірдегі ««Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының «Өңірлік әлеуметтік тұрақтандыру қоры» арқылы көпшілік күнделікті тұтынатын көптеген тауар түрі Қызылорда қаласы мен өңірдің аудан орталықтарындағы әлеуметтік дүкенде және ірі сауда орталықтарында арзандатылған бағамен саудаланып келеді. Бұл мақсатта облыстық әкімдіктің қолдауымен бірқатар әлеуметтік дүкен де ашылып, жұмыс істеп отыр. Тауар бағаларының негізсіз өспеуін жергілікті билік қадағалап отырғанымен, бой бермей бара жатқан қымбатшылық қарапайым халықты қыспаққа алуда. Десек те, бағаны тұрақтандыру үшін бөлінген қыруар қаржыға тонналап көкөніс әкелінеді деп сенген жұртшылық үстіміздегі жылдың 25 мамыр күні Тәуекел Күзембаевтың жариялаған бейнежазбасынан кейін жаға ұстады.



Расында, тауар бағаларына биліктің өзі ие бола алмай отырғанда, көптің көңілінде қымбатшылық бұдан әрі үдей түсе ме деген қорқыныштың бар екені рас. Күн санап көтеріліп жатқан баға да күнкөрісті күрделендіріп отыр деуге болады. Алайда ««Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ қоқыс полигонында жойылуға кеткен көкөніс екендігін жасырмады.


«Бұл өнімдер арнайы әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда үйлері желілеріне жеткізіліп, төмен бағамен сатылады. Сонымен бірге, көшпелі азық-түлік жәрмеңкелерінде өңір тұрғындарына жеңілдетілген бағамен ұсынылады.

Дүкендерде жарамсыз болып қалған өнімдер қайтадан қоймаға әкелініп сақталады. Өнім сатып алынып, сақталып, сатылғаннан кейін ол жерде жарамсыз қалдықтардың қалуы – заңды құбылыс. Бұл – тұрақтандыру қорында да, жеке кәсіпкерде де болатын жағдай.

Азық-түлікті сақтау кезінде ол өз салмағын жоғалтады. (ресми атауы – табиғи өзін-өзі жоғалту – естественная убыль до 15 %). Оған да заңды нормативтер белгіленген. Қоймадағы тауарлар бұл бағыт бойынша талданып, ай сайын сараптамадан өткізіледі.

Көрсеткіштердің барлығы белгіленген нормалар аясында жасалған. Жою алдында, жарамсыз көкөніс тауарлары актіленіп, "Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы" акцонерлік қоғамының сынақ хаттамасы алынады.

Әрі қарай, қауіпті тамақ өнімдерін жою жөнінде комиссия құрылып, Қызылорда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының, Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің, «AMANAT» партиясының, Қызылорда қалалық полиция басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен жою жөнінде шешім қабылданады.

Жоғарыда атап өткенімдей, жарамсыз өнімдер іріктеліп, қалдықтары арнайы мамандардың қорытындысы бойынша есептен шығарылып, келісім-шартқа сәйкес қоқыс полигонына апарылады.

Жарамсыз өнімдер биылғы 25 мамыр күні жойылған еді. Желіде тараған жазбада сол процесс баяндалған.»,- «Байқоңыр ӘКК» АҚ басқарма  төрағасы С.Ерниязов.



Биыл бағаны тұрақтандыру мақсатында 588,1 тонна картоп, 720 тонна бас пияз, 106 тонна қырыққабат, 133 тонна сәбіз – барлығы 1547,1 тонна көкөніс сатып алынғаны белгілі болды. 


Пайдалануға жарамсыз деп танылған көкөністер жыл сайын жойылатындығы тағы бар. Сонымен былтыр 568,4 тонна көкөніс тауары сатып алынып, оның 32,7 пайызы, 2021 жылы 1197,4 тонна көкөністің 25 пайызы жойылған. Ал, биыл  алынған өнімнің 9,2 пайызы жарамсыз болған. 


Десек те, халық үшін тұтынуға берілетін өнімдердің басым көпшілігі пайдалануға жарамсыз күйінде дүкен сөрелерінде тұрады деген жергілікті халық тарапынан наразылық білдірушілер де бар.


Ол туралы «Қызылорданың  Тұрақтандыру қорында азық-түлік бұзылып кеткен» атты мақаламызда жарияланған болатын. 


«Күнделікті барамыз базар бағасынан арзан бірақ картоптың тең жартысын оқысқа тастаймыз себебі шірігі көп. Ал бас пияз болса босап қалған. Амал жоқ кейде аламыз.»,- деді қала тұрғыны Жұлдыз Меңдібай.

«Әлеуметтік дүкен ашылғанда қуанған едік бағасы арзан деп. Бірақ сасыған, босаған өнім берілген соң мүлде алмаймын. Өзі әлеуметтік болса осал топқа ұсынылған өнімді тексеру керек қой»,- деді Эльмира Ерденова.


Жергілікті азық-түлік тұтынушы халық желіде қаншама пікірлері мен наразылықтарын білдіріп жатса да, жергілікті биліктің баса назар аударып отырғаны байқалмайды. Әлде бұл ысырапшылықтың артында зерттеуді қажет ететін көптеген мәселелер жатырғанын көрсете ме?