Қоғам АЭС салудың соңы ЛРТ секілді жемқорлықпен аяқтала ма деп қорқады

243
Белгілі экобелсенді Сәкен Ділдахмет Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында Қазақстанда атом электр стансасын салу турасында пікірін білдірді.

«Әрине, бізде балама қуат көздері Қазақстанның энергияға деген тапшылығын жабады деп айта алмаймыз. Бүгін жел соқса, ертең соқпай қалуы мүмкін. Күн бүгін болса, ертең бұлттануы мүмкін. Оның өзі энергияны тұрақты түрде бермейді. Бірақ белгілі бір мөлшерде оны қолдануға болады. Мысалы ауылда күн батареялары тұрады. Ол теледидар көріп, мұздатқышта етті сақтауға мүмкіндік береді. Ол да өзінің энергияны сақтауға үлесін қосады», - деді экобелсенді сұхбатында.

Оның айтуынша, атом электр стансалары бүгін де әлемнің көп елінде бар. Олардың елдерді электрмен қамту бойынша атқарып жатқан рөлі өте зор.

«Меніңше, біз қайда барсақ та, жемқорлық мәселесіне келіп тірелеміз. Біз үшін өте үлкен қауіптің бірі – әрине жемқорлық. Сенім қалмады. Ертең басталған іс Астана ЛРТ секілді жемқорлықпен аяқталмай ма? Жартылай соғылып, жартылай бітпей қалмай ма? АЭС салып жатқан кезде арматураны үнемдеп қалмай ма деген өте үлкен күдік бар. Басқа ел болса мейлі. Бірақ әрбір қазақстандықтың жадында Семей полигонының қасіреті тұр ғой. Қаншама жыл бойы біз атомның зардабын шектік. Чернобыльдағы жағдай да, Фукусимадағы жағдай да есте. Өте үлкен қауіп бар», - деді ол.

Экобелсенді сондықтан осы қауіптің алдын алу мақсатында мемлекет шынымен де кепілдік бере ме деген сұраққа жауап берілуі керек деп есептейді.

«Мемлекет атом электр стансасын соғу кезінде қажетті талаптарды сақтай ма? Бізге, сізге, қарапайым халыққа ең алдымен қауіпсіздік керек. Екіншіден, содан өндірілетін энергияның экологияға зиян келмейтін балама көзі осы. Қауіпсіздік тұрғысынан ел үшін салынатын болса... Өткен ғасырда атомның қыр-сыры ашылған кезде ғалымдардың бәрі бүкіл энергияның көзі келешекте атомда болатынын айтып кеткен. Бір ғана атом таблеткасының қуаты бір вагон көмірдің энергиясымен тең», - деді ол.