Ақтөбелік үлгілі келіннің кеңесі: "Ата-енеңнің іш киімін жу"

589

Қазір келіншектер ата-енесімен бірге тұрудан қашады. Бірге тұрған күннің өзінде тіл табыса алмай, соңы айқай-шуға ұласып жататын жағдайларды көз көріп жүр. Ал ақтөбелік келіншек Жансая Қонақбаева ата-енемен тату тұрудың түрлі жолы бар екенін айтады. 10 жылдан бері ата-енесінің қолында тұратын келіншек, олардың іш киіміне дейін жуады екен.

Жансая Қонақбаева Экспресс К тілшісіне бақытты отбасы болудың құпиясын айтты.

Жансая Ақтөбе қаласында туып, өскен. Қаладағы №24 мектеп-гимназияны бітіріпті. 29 жастағы келіншек осыдан он жыл бұрын, яғни 19 жасында тұрмысқа шыққан. Қазір үш баланың анасы. Осы уақыт ішінде енесімен бірде-бір рет сөзге келіп, ұрысып көрмепті. Жансая үйдің тұңғыш келіні. Үш қайын інісі бар.


Ата-енем жас, яғни елудегі адамдар. Келін болып түскен кезде енем екеуміз "мынау сенің жұмысың, мынау менікі" деп бөліп қараған емеспіз. Екеуміз үйдің тірлігін бірге жүріп атқарып тастаймыз. Осы күнге дейін енеммен ұрысып, төркінге кетіп көрмеппін,— дейді келіншек.

Ол бақытты отбасын құру үшін келін сөз тасып, төркінге жиі бармауы керек екенін айтады. Ене де келін де сөз теріп, бір бірінен қателік іздемеуі керек.


Өзім он ағайындымын. Анам ерте 53 жасында көз жұмды. Бірақ кеткенше бізге ақылын айтып отырды. Келін болып түскен кезде де үйдегі әңгімені сыртқа шығармауға тырыстым. Себебі анам бізді солай үйретті. Жеңгелеріме қарсы сөйлетпейтін,—дейді Жансая.

Келіншек анасының берген тәрбиесінің арқасында қазір бақытты отбасын құрып отырғанын айтады. Ата-енесінің көңілін тауып, оларды ренжітпеуге тырысады. Ас-суын дайындап, тіпті іш киімдеріне дейін жуып, үтіктеп береді.


—Іш киімін жуғанда тұрған ештеңе жоқ. Кір жуатын бөлмеде киімдердің арасында тұрса, оларды бөлек тастап кетпейін. Жуып қоямын. Бұл — арланатын, үялатын нәрсе емес. Су ағып тұр, кір сабын бар. Жиіркеніп, "мынаны жуу менің міндетіп емес" деген емеспін. Қолмен де машинамен де жуамын. Үтіктеп беремін. Қайын інілерім бар солардың да іш киімдерін, шұлықтарын жуамын. Бұның ешқандай әбестігі жоқ. Әке-шешемнің де киімін жуамын ғой, сол сияқты ата-енемнің де киімін жуудан қашқан емеспін. Олар маған жуып бер деген де емес. Өздері де істей алады. Бірақ бұл менің келіндік міндетім, құрметім, — дейді Жансая.

Жансая ажырасудың көпшілігі осындай ұсақ-түйек нәрселерден шығатынын айтады.

Келін болып түскеннен кейін, әсіресе қаланың қыздары төркінге жиі барып, қонып қалмағаны жөн. Оларды көңілінен "босату" керек. Барлық ене енелігін көрсетеді. Шымшып сөйлеп қалады. Ондай сөздерді жүрекпен қабылдап, сөз тасымаған дұрыс.


—Жас кезімде енем маған ренжіп "әкеңе айтамын" деді. Мен "Мама менің ата-анам сізді әдемі көйлек киген құдағи кейпіңізде көрді. Сіз оларға сол қалпыңызбен көрініңіз. Беті тырысқан, ұрысқақ құдағи болып көрінбеңізші. Мен төркініме ештеңе айтпаймын, сіз де айтпаңыз" дедім. Енем ойланып қалды. Мен енемнің әке-шешеме жаман болып көрінгенін қаламаймын. Олардың құдағи деп сыйласып жүргені жақсы. Сыйластық деген осындай ұсақ-түйектен басталады,деді Жансая.


Жансаяның айтуынша, қыздар келін болып түскеннен кейін бес жылға дейін шыдамдылық танытуы керек. Бес жылдан соң барлығы түзеліп, жақсы болып кетеді. Себебі осы уақыт ішінде отбасында түрлі жағдайлар болады.
Ажыраспаған дұрыс. Ажырасқан әйелдің сәні кетеді. Тұрмысқа шыққаннан кейін кейде өзіңді құрбандыққа шаласың. Ата-енеңді сыйласаң, олардың асын дайындап, көңілін тапсаң, ер адам ешқайда кетпейді. Әйел адам сабырсыз, ал ер адамдар асықпайды
,— дейді Жансая.


Жансая жаман енені жақсы қылу келінге байланысты екенін айтады. Қазір Жансая бала тәрбиесімен үйде отыр. Өзінің жеке кәсібі бар. Сауда-саттықпен айналысады.