Ирина Рейбанттың аштық жариялағанына 19 күн болды: Әкімдік, аурухана мен бас прокуратура реакция білдірді

301
Петропавл қаласында ұлының өліміне кінәлілерді жазалауды талап етіп отырған Ирина Рейбанттың аштық жариялағанына 19 күн болды. Ол ұлының ажалына оны ұрып-соққан полицейлерді кінәлайды. Жұма күні Ирина Рейбанттың үйіне әкімдік өкілдері мен жергілікті аурухана дәрігерлері келген.

- Қашаннан бері аштық ұстап жатқанымды сұрады. Арыз-мұңымызды тыңдады. Дәрігерлер қан қысымын өлшеп, тамырымды ұстап көрді де "мүмкін, аштықты тоқтатарсыз?" деп сұрады. "Жоқ, қылмыстық іс қозғалмай, іс сотқа берілмейінше және оларды (полиция қызметкерлері) кінәлі деп танымайынша тоқтатпаймын" дедім. Әкімдік біздің қалай тұрып жатқанымызды көріп, онкологиялық кеселге ұшыраған күйеуіме көмектесуге уәде берді. Оның өкпесінің жартысын кесіп алып тастаса да, мүгедектік бермей жатыр. Жылына бір рет материалдық көмек беретінін айтты. Ұлыма және келініме жәрдемақы жағынан көмектесуге уәде берді, – деді Ирина Рейбант Азаттық тілшісіне.


Бұған қоса, бас прокуратураның Рейбанттың өліміне байланысты қылмыстық іс материалдарын сұратқаны белгілі болды. Олар "өкілетін асыра пайдалану" және "суицидке итермелеу" баптары бойынша қозғалған қылмыстық істердің жабылуы заңды болды ма, жоқ па, соны тексермек.


"Аталған қылмыстық істер облыстық прокуратураға жіберілді, одан әрі қарай бас прокуратураға жөнелтіледі" деген Петропавл қаласы прокурорының міндетін атқарушы Қайсар Әбішев Ирина Рейбантқа жіберген жазбаша жауабында.


Тамыз айының басында Ирина Рейбант қалалық прокуратурадан іс материалдарының көшірмесін сұраған. Бірақ оның өтініші орындалмаған. Ведомство өкілдері қылмыстық істерді бас прокуратура сұратқандықтан көшірмесін бере алмайынын айтқан.


61 жастағы Ирина Рейбант 25 шілдеден бері аштық ұстап жатыр. Қазір ол тек су ішеді. Ол ұлын ұрып-соққан полиция қызметкерлерінің үстінен іс қозғалып, сотқа берілмейінше аштықты жалғастыра беретінін айтты. Ол бұған дейін жалғыз адамдық пикеттерге шыққан.


Рейбанттар отбасының "ұлымызды сабады" деп, Петропавл қалалық полиция қызметкерлерін жауапқа тартуды талап етіп жүргеніне бесінші жыл. Туыстары Анатолий Рейбанттың ажалы ұрып-соғудың салдарынан болды деп санайды. Жақында бұл іс "қылмыс құрамы жоқ" деген негізбен кезекті рет жабылды. Прокуратура марқұмның "өз-өзін жарақаттағанын" айтады.