Көлікті мас күйінде жүргізген ер адам 20 млн теңге айыппұл төлеуі мүмкін
1 338
Жетісу облысында мас жүргізуші заңсыз әрекетін қайталағаны үшін 20 млн теңгеге жуық айыппұл төлеуі мүмкін, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Балпық би ауылында полицейлер Toyota маркалы автокөлігін тоқтатып, рөлде 30 жастағы ер адамның мас күйінде отырғанын анықтады. Белгілі болғандай, ол 2023 жылы дәл осындай құқықбұзушылық үшін жауапқа тартылып, жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылған. Алайда бұл оны тағы да мас күйінде көлік жүргізуден тоқтатпаған.
«Құқықбұзушының автокөлігі арнайы тұраққа қойылды, ал өзі қамауға алынды. Ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Заңнамаға сәйкес, қайталап мас күйінде көлік жүргізгені үшін қатаң жаза қарастырылған: 5000 АЕК-ке (19 млн 660 мың тг) дейін айыппұл салу, қоғамдық немесе түзету жұмыстарына тарту, бес жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру. Бұған қоса, мұндай құқық бұзушылар көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылады. Мас жүргізушілердің әрекеті азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Құқық қорғау органдары осындай құқық бұзушылықтарға қарсы күресті жалғастыруда және жолдардағы бақылауды күшейтті», - делінген ведомство хабарламасында.