SCAT әуе компаниясына 4 миллионға жуық айыппұл салынды
Қазақстандағы SCAT әуе компаниясына жолаушылардың құқығын бұзғаны үшін айыппұл салынды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, 2025 жылдың 25 ақпанында Өскемен-Астана рейсінің жолаушылары әуе компания ұшағын ұзақ уақыт күтуге мәжбүр болған.
"Жолаушылар күндіз сегіз сағаттан астам уақыт әуе кемесін күткен. Ал әуе компаниясы жолаушыларын қонақүймен қамтамасыз етпеген. Тек кешкі сағат онда кезекші прокурордың араласуынан кейін жолаушылар демалатын орынға жеткізілген. Адамдар күні бойы әуежайда рейсін күткен", – делінген ресми хабарламада.
Шығыс Қазақстан облысы көлік прокуратурасы азаматтардың құқығының бұзылуына қатысты жағдайға пікір білдірді.
"Тексеру қорытындысы бойынша әуе компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 567-бабының 2-бөлігі (ТТасымалдаушының кінәсінан рейс орындалмаған немесе кідіртілген немесе әуе кемесінің кеш келуі, тасымалдау маршрутының өзгеруі салдарынан рейс кідіртілген, орындалмаған кезде тасымалдаушының жолаушыға қызметтер көрсету жөніндегі міндеттерді орындамауы не тиісінше орындамауы) бойынша 1000 АЕК (3 932 000 теңге) көлемінде айыппұл салынды", – делінген хабарламада.