Портал қызметіне мүгедектігі бар 300 мыңға жуық адам жүгінген
Әлеуметтік қызметтер порталының қызметіне мүгедектігі бар 288,9 мың адам жүгінген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпараттық агенттігі.
Оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін пайдаланушылардың саны артты. Қазіргі таңда шамамен 224,3 мың мүгедек адам техникалық құралдарға қол жеткізсе, 7,7 мың адам ымдау тілі қызметін пайдаланды. Сонымен қатар, 24,4 мың адам жеке көмекші қызметін, ал 32,5 мың адам санаторийлік-курорттық емдеу қызметін алды.
Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.
Порталда 640 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші, 999 оңалтудың техникалық құралдарын жеткізушісі, 31 мыңнан астам жеке көмекші, 760 ымдау тілі және 133 санаторийлік-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.







