Ресей Қазақстанға экспорттық несие бермек

1 671

Фото: pixabay.comАтом энергиясы жөніндегі агенттік еліміздегі алғашқы атом электр станциясын салу жобасы аясында Ресей Қазақстанға жеңілдетілген шарттармен экспорттық қаржыландыру ұсынылады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Ведомствоның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, АЭС құрылысын қаржыландыру параметрлері қазір талқыланып жатыр. Экспорттық несие қаражаты, ең алдымен, ұзақ әзірленетін жабдықтарды – атап айтқанда, ядролық реактор, бу генераторлары, негізгі айналым сорғылары сияқты қондырғыларды сатып алуға, сондай-ақ құрылыс жұмыстарына бағытталмақ.

Агенттік өкілдері бұл шығындар жобаны іске асыру кестесін сақтау және толық масштабты құрылысқа дайындық үшін қажет екенін атап өтті.

АЭС құрылысының жалпы құнына қатысты агенттік әзірге нақты сандарды атау ерте екенін мәлімдеді. Жобалау жұмыстары аяқталып, тиісті сараптамалар жүргізілгеннен кейін ғана нақты құны анықталмақ.

"Кез келген АЭС құрылысының түпкілікті құнына бірқатар фактор әсер етеді. Оларға инженерлік-іздестіру жұмыстарының нәтижелері, құрылыс орнының метеорологиялық және сейсмологиялық жағдайлары, реактор технологиясын жеткізуші құрамына кірмейтін халықаралық өндірушілердің жабдықтарын пайдалану, АЭС салынатын аумақта жабдықтар мен құрылыс материалдарын өндірудегі жергілікті үлес деңгейі, құрылыс-монтаж ұйымдары мен білікті мамандардың қатысу деңгейі, сондай-ақ логистикалық, қаржылық және басқа да шығындар жатады", – делінген хабарламада.