Баланың басына темір кіріп кетіп, сотқа дейінгі тергеу басталды

269

Щучьеде кәмелетке толмаған баланың футбол алаңында басынан жарақат алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Фото: polisia.kz

"17 тамызда Щучье қаласында орналасқан футбол алаңдарының бірінде сағат 17:00 шамасында жергілікті полиция бөліміне тоғыз жасар баланың параорбитальды аймақта болат темірге соғылып, ауыр жарақатын алғаны туралы хабарлама келіп түсті", - деп хабарлады ҚР ІІМ ақпараттық порталы.


Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 278-бабы, 1-бөлігімен («Сапасыз құрылыс») сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Тергеу аясында бұл ойын алаңын құрастырушы анықталды. Сонымен қатар нысан «Бурабай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің балансында екені белгілі. Қазір бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Ақмола облысында дәрігерлер баланың басын тесіп кеткен шегені жұлып алып, оны аман алып қалғаны хабарланған еді. Баланы жедел жәрдем көлігі Щучье қаласынан алып кеткен. Анасының айтуынша, бала футбол алаңында ойнаған. Бала достарымен футбол ойнап жүріп, абайсызда қоршаудан шығып тұрған шегеге тап болған.