Қайрат Сатыбалдыны мерзімінен бұрын босату мәселесі қарастырылуда
Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалды мерзімінен бұрын босап шығуға өтініш берген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы әділет полковнигі Жанболат Қалетаевтың айтуынша, Сатыбалдының өтініші № 22 ШҚО қылмыстық атқару жүйесінде қаралып жатыр .
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Қайрат Сатыбалды мерзімінен бұрын босап шығуға өтініш бергенін айтқан еді. Оның айтуынша, кез келген сотталушының мерзімінен бұрын босатуға немесе жазасын жеңіл түрге ауыстыруға өтініш беруге құқығы бар.
Еске сала кетейік, Қайрат Сатыбалды 2022 жылдың наурыз айында "Қазақтелеком" АҚ-ның лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды және қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деген күдікпен ұсталған еді.
Антикор сотқа дейінгі тергеуді өткен жылы тамыз айында аяқтаған болатын. Ведомство "тергеу барысында мемлекетке жалпы сомасы 240 миллиард теңгеден асатын немесе 500 миллион АҚШ долларынан асатын заңсыз сатып алынған активтер мен ақшалай қаражат қайтарылғанын хабарлады.
Бұдан бөлек олар Қайрат Сатыбалдының "салықтар мен кедендік төлемдерден жалтару, қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша" қосымша тергеліп жатқанын мәлімдеді.