Күрделі жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілуі тиіс
С.Сейфуллин елді мекеніндегі №137 мектеп күрделі жөндеуден өтуде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев жұмыс сапары аясында С.Сейфуллин елді мекенінде орналасқан №137 орта мектепке барып, атқарылып жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Аудан басшысы елімізде білім саласына ерекше мән беріліп отырғанын атап өтіп, бұл бағыттағы игі істердің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқанын айтты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен және Үкіметтің, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тікелей қолдауымен өңірімізде білім беру саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл – болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына жасалып жатқан нақты қадамдар. Сондықтан мектептерді жаңғырту, оларды заман талабына сай ету – басты міндеттеріміздің бірі. №137 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары сапалы әрі уақытылы аяқталуы қажет, – деді Берік Әбідғаппарұлы.
1974 жылы салынған бұл мектептің жобалық қуаттылығы – 460 оқушыға арналған. Қазіргі таңда білім ошағының тозығы жеткені байқалғандықтан, оны қайта жаңғырту мақсатында облыстық бюджеттен 309 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылды.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарын «N Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Бүгінгі таңда нысанның сыртқы қабырғалары қапталып, ішкі әрлеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мектептің ішкі инженерлік жүйелері жаңартылып, оқушыларға қолайлы жағдай жасау бағытында тиісті құрылыс шаралары атқарылуда.
Аудан әкімі жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше мән беру қажеттігін атап өтіп, осы істі тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар салалық орынбасары мен тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, мектеп құрылысының жаңа оқу жылына дейін толық аяқталуын қатаң түрде ескертті.
Аталмыш жоба – аудандағы білім беру инфрақұрылымын жақсарту жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл бастама ауылдық жерлердегі оқушылардың білім алу сапасын арттырып, ұстаздарға да тиімді еңбек етуге мүмкіндік береді.







