Азаматтардың жеке мәселелері бойынша қабылдау өтті

1 479

Фото: Қармақшы әкімдігіАзаматтардың арызы – басты назарда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Қазалы ауданында халықпен тиімді кері байланыстың маңыздылығы күн тәртібінен түскен емес. Бүгін аудан әкімінің міндетін атқарушы Шыңғыс Әбділәмитұлы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Бұл – мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен қолжетімділік қағидатының нақты көрінісі.


Тұрғындар өтініші тыңдалды

Қабылдауға алдын ала жазылған аудан тұрғындары әртүрлі мәселелерді ортаға салды. Нақтырақ айтқанда, олар тұрғын үй алу, әлеуметтік көмекке қол жеткізу, жұмысқа орналасу, денсаулық сақтау, коммуналдық қызметтер мен жеке меншікке қатысты тұрмыстық сипаттағы мәселелерін көтерді. Әсіресе, халықты баспанамен қамту, көпбалалы және әлеуметтік әлжуаз отбасыларды қолдау сынды өзекті мәселелер жиі айтылды.


Аудан әкімінің міндетін атқарушы Шыңғыс Әбділәмитұлы әрбір азаматтың өтінішін мұқият тыңдап, жағдайға байланысты заң аясында нақты жауаптар мен түсініктемелер берді. Қабылдауға арнайы қатысқан сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеліп, кейбір мәселелер қабылдау барысында жедел шешімін тапты.


Шешімін тапқан мәселелер бар

Мәселен, жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған бірнеше азаматтың жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуы бойынша ұсыныстар беріліп, олар тиісті бөлім басшыларына жолданды. Сонымен қатар, тұрғын үй кезегіне тіркелу тәртібі, әлеуметтік қолдау алу жолдары туралы нақты ақпарат ұсынылып, заңға сәйкес бағыт-бағдар берілді.


Әлеуметтік көмекті рәсімдеуде құжат тапшылығына тап болған бірқатар азаматқа тиісті мамандар көмек көрсетіп, құжаттарын толықтыруға жәрдемдесетін болды. Осындай тікелей қабылдаулардың тиімділігі де – дәл сол жерде шешімін табатын сұрақтардың болуы.


Ашық әкімдік – халыққа жақын

Қабылдау соңында Шыңғыс Әбділәмитұлы аудан тұрғындарымен тұрақты және тиімді кері байланыстың маңыздылығын атап өтті. «Әрбір азаматтың өтініші назардан тыс қалмауы тиіс. Біз халықтың үніне құлақ асатын әкімдік қағидатын ұстанамыз. Аудан тұрғындарының сенімі – ең үлкен жауапкершілік» – деді ол.


Бүгінде Қазалы ауданында ашық диалог алаңдарын қалыптастыру, тұрғындардың талап-тілегін тікелей естіп, жедел әрекет ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Тұрғындарды қабылдау тұрақты түрде өткізіліп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар жасалуда.