Kaspi.kz мобильді қосымшасында полицияға онлайн жүгіну мүмкіндігі пайда болды

2 451

Фото: Kaspi.kzKaspi.kz ІІМ және ЦДИАӨМ-мен бірлесіп жаңа сервисті іске қосты.

Енді Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы полицияға арызданып, жол-көлік оқиғасы, жол қозғалысы ережелерін бұзу, тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да оқиғалар туралы хабарлауға болады,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

«Kaspi.kz суперқосымшасын 15 миллионнан астам қазақстандық пайдаланады. «Мемлекеттік қызметтер» сервисі арқылы біздің сүйікті клиенттеріміз күнделікті көптеген мәселелерін шешеді – жүргізуші куәлігін ауыстыру, көлікті қайта рәсімдеу, цифрлық құжаттарды қолдану, тұрғылықты жері бойынша тіркелу, бала туу туралы куәлік алу және т.б. Азаматтардың қауіпсіздігін арттыру үшін мемлекеттік органдармен бірлесіп, Kaspi.kz қосымшасы арқылы полицияға жедел жүгіну мүмкіндігін іске қостық. Жоба ІІМ, ЦДИАӨМ және Kaspi.kz командаларының үйлесімді жұмысының нәтижесінде жүзеге асты. Мемлекеттік қызметтерді дамыту – бұл біздің әлеуметтік жауапкершілігіміз және коммерциялық емес бастамамыз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында біз көптеген елдердегі қызметтерден тиімді әрі ыңғайлы онлайн сервистер жасап жатырмыз, бұл қазақстандықтар үшін мақтаныш. Бізге сенім артқаны және мемлекеттік қызметтерді қазақстандықтарға қолжетімді ету мүмкіндігі үшін мемлекеттік органдарға алғыс айтамыз!», – деді Kaspi.kz басшысы және негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе.

«Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында біз Egov Mobile қосымшасында азаматтарға полицияға тікелей жүгінуге мүмкіндік беретін жаңа цифрлық сервисті іске қостық. Сонымен қатар, екінші деңгейлі банктердің қосымшаларына ықпалдастыру тетігі де пысықталды. Бұл адамдарға полиция бөліміне бармай-ақ, үйреншікті әрі ыңғайлы сервистер арқылы жүгінуге жол ашады. Жеке атап өткім келетіні, бұл Kaspi-мен алғашқы жоба емес – біз полиция қызметтерін халық үшін қолжетімді әрі қауіпсіз ету бағытында ынтымақтастығымызды біртіндеп кеңейтіп келеміз», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов.

«Бұл сервисті Kaspi.kz сияқты екінші деңгейлі банк қосымшасына қосу – оны кеңейту жолындағы қисынды қадам. Бұған дейін біз Ішкі істер министрлігіндегі әріптестерімізбен бірге Egov Mobile қосымшасында сервисті іске қостық, оның аудиториясы – 11 миллион пайдаланушы. Іске қосылған сәттен бастап 100 мыңнан астам отандасымыз бұл қызметті пайдаланды. Біз адамның ең басты қажеттілігі – қауіпсіздікке бағытталған әлеуметтік маңызы бар сервистерді дамытудың оң үрдісін байқап отырмыз. Цифрлық өнімдер Қазақстан азаматтарына қызмет етіп, өмір сапасын жақсартуы тиіс. Бұл – біздің миссиямыз және жобаларымыздың басым бөлігі осыған бағытталған», – деді ЦДИАӨМ вице-министрі Ростислав Коняшкин. 

Kaspi.kz қосымшасының көмегімен полицияға қалай өтінім беруге болатыны туралы Гид қызметінен оқыңыз.

Kaspi.kz миссиясы – сүйікті клиенттері мен серіктестерінің өмірін жақсартатын инновациялық өнімдер мен қызметтерді жасау. Бұл инновацияның негізінде – елдегі ең танымал мобильді суперқосымша Kaspi.kz тұр, оны 15 миллионға жуық қазақстандық пайдаланады. Онда елдегі жетекші электронды коммерция, төлем және қаржылық қызметтері топтастырылған.

Гарвард бизнес мектебі Kaspi.kz туралы екі оқу материалын жазды. Бұл материалдар бойынша магистратура студенттері бірнеше жылдан бері білім алып жүр.