Парламент табысынан шығысы көп шенеуніктерді қызметінен босатуды мақұлдады

172
Қазақстан парламентінің сенаты 2027 жылдан бастап декларациясында табысынан шығысы көп шенеуніктерді қызметінен алып, жазаға тартуға мүмкіндік беретін түзетулерді мақұлдады, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.



Заң жобасы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады. Құжатта шенеуніктер мен олардың жұбайлары заңсыз байыған жағдайда салынатын айыппұл жөнінде айтылады. Шығысы мен кірісіндегі айырмашылық мың айлық есептік көрсеткіштен (1 АЕК – жаңа жылдан бастап 3450 теңге болады) асқан шенеуніктер сондай күдікке ілінеді.

Заң жобасында сонымен бірге "карьералық санкциялар" яғни, үш жылға қызметтен шеттету немесе қызмет істеуге тыйым салу сияқты жаза түрлері қарастырылған.

Әрбір жағдайда шенеунікке шығындарының заңдылығын түсіндіру мүмкіндігі беріледі. Бұл Салық кодексінде қарастырылған. Яғни, біз немесе мемлекеттік кіріс органдары кінәсіз адамдарға осындай санкция қолданбас үшін объективті көрініс болуы тиіс, - деді сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарықұлов.


Нормаларды 2027 жылдан бастап күшіне енгізу ұсынылады. Агенттік өкілдерінің айтуынша, сол кезде халықтың активтері мен мүлкі туралы ақпарат болады.

Жемқорлық фактілері туралы хабарлаған тұлғаларды қорғау туралы түзетулер де мақұлданды. Құжат жемқорлық туралы хабарлаған адамды арнайы комиссияның рекомендациясынсыз тәртіптік жауапкершілікке немесе өзге қызметке ауыстыру немесе жұмыстан шығармауды ұсынады.

Заңға президент қол қойса, күшіне енеді.

Қазақстанда шенеуніктердің жемқорлықпен ұсталғаны туралы ақпарат жиі шығады. Билік парақорлықпен күресу мақсатында көптеген бағдарлама ұсынса да, Қазақстан әлемдік жемқорлық индексінде "парақорлық жайлаған елдердің" қатарында тұр.


Transparency International халықаралық ұйымының биыл қаңтарда жарияланған жемқорлық индексінде Қазақстан сегіз сатыға төмендеп, 180 елдің ішінде 102-орын алған.