Жекеменшік мектептің оқушыларына тегін тамақтың орнына 458 теңге берілмек
Шымкенттегі жекеменшік мектептің бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақтың орнына күніне 458 теңге беріліп отырмақ, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Қазақстанда бұрын-соңды болмаған бұл қаулыға қаладағы ата-аналардың басым бөлігі қарсы. Себебі, ас орнынан берілетін ақша ештеңе жетпейді дейді. Ал, білім басқармасының басшысы болса бұл жемқорлықты жоюдың жалғыз амалы деп отыр.
Осыдан он күн бұрын оқушыларға тегін тамақ орнына күніне 458 теңге беріп отырамыз деген қаладағы білім басқармасының жаңа қаулысына шымкенттік ата-аналар қарсы. Бірі шоты бұғатталып, бұл ақшаны алу бас ауруға айналатынын айтса, тағы бірі айына берілетін 10 мың теңгеге бала тоймайтынын жеткізді.
Ал, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы болса шымкенттік білім басқармасы шығарған шешім ақылға сыймайды дейді. Себебі, күні ертең-ақ нарықтағы азық-түлік бағасы қайта көтеріліп, теңге тағы да құнсыздануы ғажап емес деп отыр.
Ал Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы болса осылайша сыбайлас жемқорлықпен күреспек. Және соңғы кездері ата-аналардың мектепте берілетін тегін тамаққа көңілдері толмайтынын жеткізді.