Қызылордада қорқынышын жеңбек болған жасөспірім өлім аузында қалған
Қызылордада 17 жастағы жасөспірім суға тұншыққаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Оны әділет полковнигі құтқарып үлгерген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап.
Әділет полковнигі өле жаздаған 17 жастағы жасөспірімді аман алып қалды. Кәмелетке толмаған жігіт терең бассейнге секіріп, сүңгімек болып, суға тұншыққан.
Төлеген Төрехан батқан бассейнде полицей Шаймерден Есенкелдиев те демалып жатқан. Ол отбасымен үйге қайтуға дайындалып жатқанда, кенеттен әйелдердің айғайлаған дауысын естіді.
Жасөспірім тыныс алмаған. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Сонда ғана ояныпты. Төлеген ауруханаға жеткізілді. Үш күн реанимациядан жатып, ем алды. Ол суға секіріп, өзін сынамақ болғанын айтады.
Төлегеннің анасы Айжан Қаржаубайқызы ұлының басынан өткен жағдайға әлі сене алмай жүр. Ұлы бассейнге досымен барған. Бұл жүзуге қауіпсіз орын сияқты көрінген. Өйткені мұнда құтқарушылар жұмыс істейді.
"Баламыз аман-сау, қазір қасымызда. Бұл – біз үшін бақыт. Аналық жүрегім алғысқа толы. Баламды құтқарған жанды өмірімнің соңына дейін ұмытпаймын. Қорғаушы періштемізге және оның жақындарына бар жақсылықты тілеймін", – деді Төлегеннің анасы Айжан Қаржаубайқызы.