Қазалыда теміржолшылар кәсіби мерекесін атап өтті
Қазалы ауданында теміржолшылар күніне арналған салтанатты қабылдау өтті. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев саланың дамуына үлес қосып жүрген сала қызметкерлерін қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Теміржол саласы – ел экономикасының күре тамыры. Қазақстанның батысы мен шығысын, оңтүстігі мен солтүстігін жалғайтын алып магистральдар тек жүктер мен жолаушыларды ғана емес, елдің өркендеуін де алға сүйреп келеді. Осы саладағы мамандардың ерен еңбегі – ел дамуының негізі, тұрақты тірегі.
– Қазалы теміржол тасымалының тарихы 1905 жылы Орынбор-Ташкент темір жол қатынасының салынуынан басталады. Қазақтың дархан даласын қақ жарып өткен бұл магистраль ел экономикасының дамуына серпін беріп, Қазалы өңірінің де тыныс-тіршілігіне тікелей ықпал етті. Содан бері теміржол саласы ауданымыздың әлеуетін арттыруда ерекше рөл атқарып келеді. Осы салада қажырлы еңбек етіп, мемлекеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген теміржолшылар – сіздерге айтар алғысымыз шексіз, – деді Жалғас Оңғарұлы.
Тарихы терең теміржол – Қазалының жүрегі
Қазалы ауданы үшін теміржол – жай қатынас құралы ғана емес, әлеуметтік-экономикалық даму көзі, мәдени және тарихи символ. ХХ ғасырдың басында басталған теміржол құрылысы ауданды аймақтық ірі торапқа айналдырды. Сауда-саттық, қызмет көрсету және көлік-логистика салаларының дамуына жол ашты.
Бүгінде ауданның көптеген отбасы теміржол саласымен тығыз байланысты. Бірі – жол жөндеуші, бірі – пойыз машинисі, енді бірі – диспетчер, инженер, вагон қараушы немесе байланысшы. Олар үшін бұл сала – кәсіби борыш пен өмірлік жолдың бірі.
Ардагерлер мен үздіктер марапатталды
Салтанатты шара барысында облыс әкімінің және аудан әкімінің «Алғыс хаттары» табысталып, теміржол саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен ардагерлер мен үздік қызметкерлер марапат төрінен көрінді.
Шараға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Құрметті теміржолшы Оразғали Бекпанов пен Қазалы вагон пайдалану депосының бастығы Арғын Орынбаев құттықтау сөз сөйлеп, сала мамандарына жүрекжарды лебіздерін арнады. Олар теміржолшылардың бүгінгі буынына батасын беріп, табыс тіледі.
Мерекелік көңіл-күй мен рухани сәлем
Қабылдау соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетіп, теміржолшылар мен қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Қазақ әндері шырқалып, саланың мәртебесін биіктеткен азаматтарға құрмет көрсетілді.
Қазалыдағы бұл мерекелік жиын – теміржолшыларға деген құрметтің белгісі. Ыстығына күйіп, суығына тоңып, күн мен түнге қарамай еңбек етіп жүрген сала мамандары әрдайым назарда болуы тиіс. Себебі, олардың еңбегі – ел дамуының іргетасы.
Бүгінгі құттықтау – өткенге тағзым, бүгінге құрмет, болашаққа сенім. Қазалы теміржолшыларына жасалған бұл ілтипат – ел мерейін үстем ететін ерлік еңбекке берілген әділ баға.







