"Назарбаев түсінеді деп ойлаймыз": Депутаттар Астана атауын қайтаруды қолдады

256

Астана қаласының мәслихат депутаттары 15 қыркүйек күнгі қоғамдық тыңдауда Астана атауын қайтару туралы бастаманы бірауыздан мақұлдады, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Азаттыққа сілтеме жасап. 

Фото:https://adyrna.kz/post/129355Жиында сөйлеген азаматтар Астана атауын қайтару қажеттігін атап өтті.


Астананың ономастика комиссиясының мүшесі Бүркітбай Аяған астанаға Нұр-Сұлтан атауын беру туралы 2019 жылғы шешімді еске алып, бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін мойындау қажет болғанмен сол кездегі шешімнің өзі асығыс қабылданғанын атап өтті.


"Мемлекет тарихында мұндай оқиғалар болып тұрады. Қалаға Астана атауын қайтару туралы ұсынысымыз талаптарға сәйкес келеді. Ең бастысы ол жікке бөлінген қоғамды біріктіреді. Нұрсұлтан Әбішұлының өзі түсініп, ренжімес деп ойлаймын" деді Бүркітбай Аяған.


Ономастика комиссиясының тағы бір мүшесі, Қазақстан журналистер одағының хатшысы Дәулеткерей Кәпұлы "мемлекеттің тағдыры бір тұлғаның тағдырынан қымбат" деді.


-Нұрсұлтан аты ақын-жазушылардың туындылары мен шығармаларында аталған, ол тарихтан өшпейді, бірақ бұдан әрі қарай "жаңа әрі әділ Қазақстанда" Астана Қазақстан тағдырына зор ықпал етеді. Сол себепті [Астана атауын қайтару туралы] тарихи шешімді әділ деп санаймыз, - деді Дәулеткерей Кәпұлы.


Журналист Айнұр Шошаева астана атауын өзгертуге байланысты "халық арасында сауалнама жүргізілді ме" деп сұрады. Жиынға қатысушылар "ресми түрде жүргізілген жоқ, алайда Телеграм арналардағы түрлі сауалнама нәтижесін ескердік, онда 80 пайызы Нұр-Сұлтанды Астана деген атауды қолдады" деп жауап берді. Журналист "телеграм арналар астананың миллион тұрғынының пікірін білдірмейді" деген кезде жиынға қатысушылар реакция білдірмеді.


Журналист сонымен бірге "2019 жылы 20 наурызда Астананы Нұр-Сұлтан деп атау туралы шешімді қолдағандар сол үшін халықтан кешірім сұрай ма?" деп сұрады. Жиын модераторы, мәслихат хатшысы Ерлан Қаналимов сұрақтың "орынсыз" екенін айтып, "ол кезде алтыншы шақырылымдағы депутаттар болған, ал қазір жетінші шақырылым депутаттары отыр" деп жауап берді.


"Астана атауын қайтарсақ, бұл кешірім сұраумен пара-пар. Қажет болса, кешірім де сұраймыз. Бірақ шешім қабылданса, оған қажеттілік жоқ" деді Ерлан Қаналимов.


Мәслихат хатшысының түсіндіруінше, қалалық ономастика комиссияның ұсынысы қоғамдық тыңдауға шығарылып, одан кейін мәслихат сессиясында қаралады. Бұдан соң республикалық ономастика комиссиясына жіберіледі. Ол жақта құпталса, үкіметке жөнелтіліп, артынша президентке қол қоюға жіберіледі.


Мәслихат хатшысының мәліметінше, 2019 жылы астанаға Нұр-Сұлтан атауын берген кезде елтаңба, баннерлер мен бланктерді ауыстыруға 30 миллион теңге жұмсалған. Оның сөзінше, құжаттар цифрланып жатқандықтан бұл жолы шығын аз кетуі ықтимал.