"Талдықорғанда жарылыс болды": Зардап шеккен үш адамның бірі ауыр халде жатыр

269
Талдықорғандағы автокөлік шиналарын қайта өңдеу цехында өрт шығып, жарылыс болды. Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің берген ақпаратына сәйкес, зардап шеккендер бар.

 Бұл туралы алғашқы болып жергілікті блогер Қайрат Абдрахман өзінің Instagram парақшасында хабардар етті. Жойқын жарылыстың кездейсоқ куәгері болып қалған ол оқиға орнынан видео жүктеді. "Талдықорғандағы Медеу көшесінде орналасқан шағын зауыттардың бірінде жарылыс болды. Біз оқиғаға куә болдық", - деп жазды ол.

Блогердің айтуынша, өрт сөндіру қызмету оқиға болған жерге тез арада жеткен. Алайда, соған қарамастан зардап шеккендер де жоқ емес екенін айтты ол. Айтуынша, бұған дейін белсенділер бұл зауыттан шығатын түтінге шағымданып келген.

Аталған жайтқа қатысты Алматы облыстық ТДЖ баспасөз қызметі ақпарат таратты. Олардың берген деректеріне сәйкес, жарылыс салдарынан үш адам зардап шеккен.

"25 тамызда сағат 03.25-те Алматы облысы ТЖД-не Талдықорған қаласы Медеу көшесінде автокөлік шиналарын қайта өңдеу цехы аумағында сыйымдылығы 5 текше метр (ашық шатыр астында орналасқан), шиналардың вакуумдық пиролизіне арналған резервуардың алдын ала болжаммен тарсылы орын алғаны туралы хабарлама келіп түсті, одан әрі алаңы 80 шаршы метр, ашық шатыр астында орналасқан бұрынғы пайдаланған шиналардың жануы орын алды. Нәтижесінде цехтың 1962, 1969 және 1977 жылы туған үш қызметкері зардап шекті. Екі ер адамның жағдайы орташа, 1977 жылы туған ер адамның жағдайы ауыр. Олардың барлығы Талдықорған қаласындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Өрт сағат 04.27-де оқшауланып, сағат 04.49-да толығымен сөндірілді", - делінген хабарламада. Сонымен бірге, оқиға орнына Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінен 24 қызметкер мен 9 бірлік техника, қалалық полиция басқармасынан 10 қызметкер мен 4 бірлік техника, жедел медициналық жәрдем бригадасынан 6 қызметкер мен 2 бірлік техника, су арнасынан 4 қызметкер мен 2 бірлік техника; электр желісінен 4 қызметкер мен 2 бірлік техника шыққан.

Болжам бойынша, болған жайтқа балқыту кезінде пайда болған тез тұтанғыш заттар сыйымдылығының жұмыс аймағында бу жинақталып, технологиялық процесінің бұзылуы себеп болуы мүмкін.