Жетісу облысында күйеуі азаптап өлтірген әйелдің туыстары жағдайдың мән-жайын айтты
Жетісу облысында 32 жастағы Айзат Жұманованы азаптап өлтірді деген күдікпен күйеуі қамалды. Денесінің сау жері қалмағанын көрген марқұмның туыстарының сөзінше, алдымен жанжал болған, кейін бірнеше сағат бойы азапталған, содан соң әйелді аяусыз соққыға жыққан, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Марқұмның басы қанталап, қол-аяғының терісі сыпырылып қалған.
“Бетін ашқанда беті қап-қара болып кеткен екен. Мамасы көрді де жылап бұрылып кетті. Басының астына қолымды тығып қарағанда бас-сүйегінің сынғанын байқадым. Ұстағанда басы жұп-жұмсақ, шүйде тұсы. Шашы түгел су, басы қоқым екен. Сол жақ жағының сынғанын байқадым. Ернін ашып едім. Аузы қан екен. Құлағын қарағанда құлағы да жырылған”, – дейді туысы Раушан Дәуренбекова.
Жантүршігерлік оқиға маусым айында Баласаз ауылында болған. Олар күдікті ауыр жарақат алған әйелін терезеден құлап кетті деп кінәсін мойындамай отыр деп күйінеді. Бірақ Айзат Жұманованың мәйітін көрген жақындары бұған сенбейді. Олар ер адамның тиісті жазасын алуды талап етіп отыр.
“Менің қызым осы күнге дейін бір ауыз сөз айтып көрмепті. Енді ғана елден естіп жатырмыз ғой оның соққанын. Айтпаған ғой маған. Айтса, басқаша жағдай болушы еді. Жуастығын басынды қызымның. Жарайды ол өзі құласа ештеңе демес едім. Мен анандай дүниеден, қалай болса да мен шындықты талап етемін. Шындыққа көз жеткізгім келеді”, – дейді Сәуле Жұманова.
Айзаттың артында 2 жасар қызы қалды. Айзат пен күйеуі үш жыл бұрын шаңырақ көтерген. Марқұмның анасы осы күнге қызының шағымданбағанын айтады, күйеубаласының да оғаш қылығын байқамаған. Полиция “денсаулыққа қасақана зиян келтіру” бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
“Іс бойынша шындықты толық әрі жан-жақты анықтау мақсатында барлық қажетті қылмыстық-процестік шаралар қабылдануда. Сот сараптамалары тағайындалды, дәлелдемелер жиналып, жан-жақты талдануда, тараптардың уәждері мұқият тексерілуде.Кінәлі тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады”, – дейді Жетісу облысы полиция департаменті баспасөз хатшысының уақытша міндетін атқарушы Бексұлтан Әнетұлы.
Қапыда қызынан айырылған тұтас әулет қылмыстық іс тергеліп жатқан баппен келіспейді. Олар күдікті жеңіл жазамен сытылып кетуі мүмкін деп қорқады.







