Туыстары сәбиді сатып жіберген: Алматыда зорлықтың құрбаны болған әйел туған ұлын іздейді

559

Зорлықтың құрбаны болған алматылық әйел туған баласын іздейді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі  "Астана" телеарнасына сілтеме жасап. 


25 жастағы Мәдина жүзін көрсетуден бас тартты. Ол жас күнінде зорлықтың құрбаны болғанын жеткізді. Айтуынша, танысы оны әлдекімдерге сыртынан сатып жіберген. 

"Мен сол Айгүлдің үйінде тұрып, бірнеше ай жұмыс істедім. Подъездерді жудым. Бізбен бірге Қырғызстаннан келген тағы бір қыз тұрды. Бастапқыда бәрі дұрыс болды. Кейін Айгүлге бір еркектер келе бастады. Олар бізге тиісіп, ақырында зорлады. Кейін бұл үшін Айгүлдің ақша алғанын білдік", - дейді Мәдина. 

Кейін қыз туыстарының үйіне қашып кеткен. Сол жақта жүріп жүкті екенін білген. Ал бұл жаңалықты туыстары аса қуаышпен қабылдамаған. Бірден баладан "құтылудың" жолын іздеген. 

"Баламды өзім тәрбиелегім келеді. Ол кезде тым жас болдым, ештеңе түсінбедім. Бірақ бір жерде баламның бар екенін білемін. Қыздарым дүниеге келген соң, өз қаныңның не екенін түсіндім. Оның қайда екенін, кімдердің асырап алғанын білмеймін. Тек есімін білемін. Оны Әли деп атаған. Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжат өткізейін дегем. Базадан менің үш балам бар деп шықты", - дейді Мәдина. 

Қазіргі уақытта баланы іздеуге Мәдинаға еріктілер көмектесуде. Сондай-ақ, баспана мәселесін шешуге тырысуда. Мәдина екі қызымен бірге тар времянкада тұрып жатыр. Ол бір отбасына қызмет етеді. 

"Бұл отбасының базалық қажеттіліктері жоқ. Табысы өте төмен. Кейде қарапайым азық-түлік өнімдерінің өзі болмайды. Бірер күн бұрын азық-түлік алып келдік. Үлкен қызы пакеттен етті алып, оның не екенін сұрады. Балалар өмірлерінде ет көрмеген екен. Оған баспана мәселесімен көмектескіміз келеді. Қызға психотерапия керек. Тартып алған баласын қайтаруға көмектесе алатын адвокат іздеп жатырмыз", - дейді SVET қоғамдық қорының директоы Кирилл Флаймен. 

Наурызбай аудандық әкімдігі де демеуші іздеуге көмектесітінін айтты. Алайда ол көмектің қашан келетіні белгісіз. 

"Аудан әкімдігі гуманитарлық (демеушілердің көмегімен) және кеңестік көмек көрсетеді", - дейді Наурызбай аудандық әкімдігі. 

Еріктілер қазақстандықтардың көмегінен үміттенеді. Әйел материалдық, психологиялық, заңдық көмекке мұқтаж.Зорлықтың құрбаны болған әйел ұлын кері қайтарып алудан үміттенеді.