МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ҚУАТТЫЛЫҒЫ 40 МВТ КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ ҚҰРЫЛЫСЫН КӨРДІ
ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары Мұрат Әбенов пен Мархабат Жайымбетов Еңбекші ауылдық округі аумағында салынып жатқан күн электр станциясының құрылыс алаңына арнайы барып, жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі..
Аталған нысан – өңірдегі ірі баламалы энергия көздерінің бірі болмақ. Жалпы қуаттылығы 40 мегаваттты құрайтын бұл күн электр станциясы болашақта «УранЭнерго» ЖШС-нің қосалқы станциясына қосылып, жергілікті тұрғындар мен кәсіпорындарды таза энергиямен қамтамасыз ететін болады.
11,5 млрд теңгелік инвестициялық жоба
Ауқымды жобаны Қытайлық China Huadian Corporation Ltd компаниясы жүзеге асыруда. Ол үшін арнайы 80 гектар жер телімі бөлінген. Жобаның жалпы құны – 11,5 млрд теңге. Құрылыс үш негізгі кезеңнен тұрады:
Жол және қоршау инфрақұрылымын салу,
Күн электр станциясын орнату,
Қосалқы станцияны іске қосу.
Бүгінде бірінші және екінші кезеңнің жұмыстары аяқталып, үшінші – ең соңғы кезең бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
Жергілікті тұрғындар тартылып отыр
Жобаның алғашқы екі кезеңі аясында жергілікті 55 адам уақытша жұмыс орындарымен қамтылды. Ал құрылыс толық аяқталғаннан кейін, станцияда тұрақты түрде қызмет ететін техникалық мамандар мен қызметкерлерге сұраныс болады деп күтілуде. Бұл – ауыл тұрғындарының жұмысқа орналасуына және өңірдегі әлеуметтік тұрақтылыққа оң әсер ететіні сөзсіз.
Мемлекеттік қолдаудың маңызы
Сапар барысында депутат Мұрат Әбенов мемлекеттік деңгейде мұндай стратегиялық жобаларға қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті:
«Мемлекет тарапынан толық қолдау болып, жағдай жасалуы керек. Біздің сапарымыздың негізгі мақсаты – жұмыс барысымен көзбе-көз танысып, ауылдық елді мекендердегі тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуын және әлеуметтік қолдау шараларының нақты жүзеге асуын бақылау. Сонымен бірге жергілікті халықпен ашық пікір алмасып, өңірдегі өзекті мәселелерді анықтап, оларды заңнамалық деңгейде шешуге қолдау білдіру», – деді депутат.
«Жасыл» энергетика – болашаққа бағыт
Қазіргі таңда Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін дамытуға ерекше назар аударып отыр. 2030 жылға дейін елімізде баламалы энергия үлесін 20%-ға дейін жеткізу көзделген. Түркістан облысында салынып жатқан бұл күн электр станциясы – осы межеге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Депутаттар станция құрылысының мерзімінде әрі сапалы аяқталуы – тек инвестициялық табыс емес, сонымен қатар аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және технологиялық жаңаруға жол ашатынын атап өтті.







