Мердігер қауіпті медициналық қалдықтардың көзін жоймай, қоймаға жинаған

1 574

Фото: Қостанай облысы прокуратурасыҚостанай облысының табиғат қорғау прокурорлары қауіпті медициналық қалдықтардың заңсыз қоймасының қызметін тоқтатты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Талдау барысында «А» ЖШС қауіпті медициналық қалдықтарды шығару және кәдеге жарату қызметтерін мемлекеттік сатып алудың 7 рәсімі бойынша жеңімпаз деп танылғаны анықталды.

ЖШС-нің кәдеге жарату қуаты Астана қаласының маңында орналасқандықтан жосықсыз мердігер қоқысты заңда көзделгендей әр 3 күн сайын өзінің кәдеге жарату объектісіне апармай, Қостанай қаласында заңсыз қоймаға жинай берген. 

Қауіпті қалдықтарды қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамай жинады. 

Сонымен қатар, кәсіпорын елордаға қауіпті жүк тасымалдау үшін мамандандырылған көлікті емес, мобильді қосымша бойынша жалға алынған кәдімгі жүк көлігін пайдаланған. 

Осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 332-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.