ОБЛЫС ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІН ҚАРАДЫ

127
Жуырда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Президент Жарлығы аясында аймақтың      6 ауданына жұмыс сапарымен барып, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге 400-ден аса халықтың мәселесін тыңдаса, бүгін кезектілік тәртібімен жеке қабылдауға жазылған қала тұрғындарымен кездесті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Жеке қабылдауға 12 азамат келді. 1 облыс тұрғыны онлайн байланыс арқылы өтінішін жеткізді. Мәселелердің басым бөлігі тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу және бала денсаулығына қатысты емдеу шараларына көмектесу бағытында өрбіді. 
Мәселен, 59 жастағы ІІІ топ мүгедектігі бар Теренөзек кентінің тұрғыны апатты жағдайдағы үйінің орнына баспана беруді сұрады. Оған 2017 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйі жекешелендіріліп берілген. Алайда, қазіргі таңда үйі тозып, құлау үстінде тұр. Тұрғын үй кезегінің жақындауына байланысты азаматқа келесі жылы беріледі. 
60 жастағы жұмыссыз әйел денсаулығы нашар болуына байланысты өзіне техникалық қызметші санатындағы жеңіл жұмыс жасауға ынталы екенін жеткізді. 
Қазіргі таңда қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары ұсынған жұмыс орындарынан денсаулығы жарамауына байланысты бас тартуға мәжбүр. Аймақ басшысы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысына науқас әйелге тиісті жұмыс орнын қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар, қабылдауға жазылған бірнеше көпбалалы жалғызбасты ана тұрғын үй алу көмегін сұрады. Тұрғын үйлерді табыстау заң аясында кезектілік тәртібімен жүреді. Дегенмен, отбасылық жағдайы аса мұқтаж аналарға уақытша баспана алу жолдары ұсынылды. Бұл ретте аймақ басшысы қала әкіміне мәселелерге шынайы талдау жасау, уақытша баспана беру мәселелерін ретіне қарай қарастыруды жүктеді. Ал, ауыр диагнозды науқасы бар балаларға қайырымдылық қорлары арқылы тиісті көмек жасау қажеттігі айтылды. 
Айта кетейік, осы уақытқа дейін облыс әкімі 26 жеке қабылдау өткізіп, 500-ге жуық тұрғынның өзекті мәселесіне ден қойды.