Кәсіпкерлер назарына
Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мақсатында биылғы жылдан бастап әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің реестрі жүргізілуде,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Реестрді жүргізу үшін Үкіметпен арнайы қағида қабылданған. Қағидаға сәйкес бұл электрондық дерекқорға ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар 4 санатта енгізіледі. Атап айтқанда:
Бірінші санатқа – халықтың әлеуметтік осал санаттарын жұмыспен қамту мәселелерін шешетін кәсіпкерлер (олардың кәсіпорындарындағы осы санаттағы қызметкерлердің үлесінің жалпы санының кемінде 51%-н құрауы тиіс);
Екінші санатқа – халықтың әлеуметтік осал топтарындағы кәсіпкерлер;
Үшінші санатқа – халықтың әлеуметтік осал топтарына қызмет көрсететін немесе оларға арнап тауарлар өндіретін кәсіпкерлер;
Төртінші санатқа – экология, білім, мәдениет, өнер және т.б. мәселелерін шешумен айналысатын кәсіпкерлер жатқызылады.
Реестрге енгізілген кәсіпкерлерге қаржылық, мүліктік, инфрақұрылымдық, институционалдық және ақпараттық қолдау, салықтық жеңілдіктер секілді мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.
Мәселен, ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлер саны 51% құрайтын ұйымдар корпоративтік табыс, әлеуметтік және жер салықтарынан босатылады, мүлік салығын есептеу кезінде жеңілдіктерге ие болады.
Сонымен қатар, барлық салық төлеушілер үшін, тіпті әлеуметтік кәсіпкерлер болып табылмайтындар үшін келесі жеңілдіктер қарастырылған:
- мүлікті (коммерциялық емес және әлеуметтік ұйымдарға) өтеусіз беру немесе қайырымдылық көмек көрсету кезінде құнына салық салынатын табыс мөлшері 4%-ға дейін төмендетіледі;
- мүгедектігі бар адамдарға төленген жалақының 2 еселенген мөлшеріне және мүгедектігі бар адамдарға төленетін жалақыдан және басқа да төлемдерден әлеуметтік салық сомасынан 50%-ға салық жүктемесі төмендетілді;
- мүгедектігі бар адамдар жеке табыс салығын төлеуден босатылды (күнтізбелік жылға 882 еселенген АЕК немесе 2,4 млн теңге шегінде).
Қағидаға сәйкес тоқсан сайын хабарландыру беріліп, кәсіпкерлерді реестрге енгізу үшін арнайы комиссияның қарауына құжаттары жолданады.
Толық ақпаратты Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы және Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы арқылы алуға болады.