Қызылорда облысында қауіпті өндірістік нысандар тұрғын үйлерге жақын орналасқан

5 017

Фото: Pixabay.comҚызылорда облысында қауіпті өндірістік объектілердің тұрғын үйлерге, қоғамдық ғимараттарға және сауда орындарына жақын орналасуы оқыс оқиғалар мен заңбұзушылықтарға әкеліп отыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы құжаттары толық, келісім алып жұмыс жүргізіп жатқан кәсіпкерлік субъектілерінің маңайынан жер бөлу кезінде қауіпсіздік талаптары сақталмайтынын анықтады. 

Басқарма басшысы Әділжан Дабылов соның кесірінен болған келеңсіздіктерді санамалап берді. 

— Мысалы, 14 наурыз күні Қызылорда қаласындағы жанармай құю стансасының жанында жеңіл көлік өртеніп, бір адамды күйік шалды. Тексеру барысында анықталғаны, сол маңдағы автогаз құю стансалары текстиль өнімдерін сатумен айналысатын сауда үйі салынбай тұрып құжат рәсімдеген. Сауда үйі кейін ғана пайдалануға берілген. Мұндай жағдайлар Шиелі ауданында да тіркелді. Аудан орталығындағы стансаның жанар-жағармай сақтайтын 10 тонналық 2 резервуары жанып, соның салдарынан жақын маңдағы кәсіпкерлік нысанына зақым келді, — деді ол.

2023-2025 жылдар аралығында қала әкімдігімен бірлесіп жүргізілген профилактикалық түсіндіру жұмысы нәтижесінде облыс орталығындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін 12 станса алынды. Тағы 3-і орнынан алынбақ.