ШИЕЛІ АУДАНЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен кезекті мәжіліс өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жиында 2025 жылдың қаңтар-маусым айларындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің игерілу барысы талқыланды.
Мәжіліс басында, 9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күні қарсаңында Елордамыз Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолынан ерен еңбегі ескеріліп, «Құрмет» орденімен марапатталған «Шиелісушар» өндірістік учаскесінің басшысы Әубәкіров Дихан Уәлиханұлын аудан әкімі өз атынан және аудан тұрғындары атынан құттықтады.
Мәжілісте бюджет қаражатының тиімді әрі нысаналы жұмсалуы, жоспарланған жобалардың уақытылы және сапалы орындалуы негізгі назарда болды. Сала жетекшілері мен бөлім басшылары атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, алдағы кезеңге арналған нақты жоспарларымен бөлісті.
Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы, білім, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, кәсіпкерлік және денсаулық сақтау бағыттарында жеткен жетістіктер мен шешімін күткен мәселелер сараланды. Әсіресе, инвестиция тарту, жұмыс орындарын құру және инфрақұрылымды жақсарту бойынша нақты ұсыныстар айтылды.
Күн тәртібінен бөлек 2 мәселе қаралды:
1. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы туралы:
Шиелі ауданында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бағытында жүйелі шаралар атқарылуда. Кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл мақсатта арнайы мамандандырылған мекемелер тартылып, кенелердің таралуына жол бермеу үшін кешенді дезинфекциялық жұмыстар қолға алынған.
2. Аудан көлеміндегі ретсіз құрылыс қалдықтарын анықтау және оларға салынған айыппұлдар туралы:
Аудан аумағында ретсіз тасталған құрылыс қалдықтарын анықтау мақсатында мониторинг жүргізілуде. Тиісті мекемелер тарапынан заң бұзушылықтар анықталып, жауапты тұлғаларға айыппұлдар салынуда. Бұл шаралар ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған.
Мәжіліс соңында аудан басшысы жауапты бөлімдерге көрсеткіштерді тұрақты бақылауда ұстап, тиімділік пен сапаға жұмыс істеуді тапсырды.







