13 жастағы баланың өліміне қатысты анасы мәлімдеме жасады

1 516

Фото: ©Lada.kzАқтауда тұрғын 13 жасар ұлының дәрігерлердің қателігінен көз жұмғанын айтып шағымданды, айтуынша соқырішекпен ауруханаға түскен баланы дәрігерлер бірнеше рет үйге шығарып жіберген,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

17-ші қаңтар күні оның ұлы кенеттен ішінің қатты ауырғанына шағымданған. Жедел жәрдем шақыртылып, бала аймақтық көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөліміне соқырішекке күдікпен жеткізілген. Ол шамамен үш сағат дәрігерлердің бақылауында болғанымен, алдын ала диагноз расталмай, үйіне жіберілген. Алайда баланың жағдайы жақсармаған. Ішінің ауыруы басылмай, дене қызуы күн сайын көтерілген. Анасының сөзінше, олар бірнеше рет емханаға, педиатрға және жұқпалы аурулар ауруханасына жүгінген. Соған қарамастан нақты диагноз қойылмай, әр жолы бала амбулаториялық емге жіберілген. Жағдайы күрт нашарлағаннан кейін ғана бала ауруханаға қайта жатқызылып, шұғыл түрде ота жасалған. Кейін, 19-шы ақпанда, ол санитарлық авиация арқылы Алматы қаласына жеткізіліп, емін жалғастырған.(Видео)

"Уақыт жоғалғандықтан, операция кезінде хирургтар тек соқырішекті ғана емес, ішектің едәуір бөлігін де алып тастауға мәжбүр болған. Сондай-ақ дәрігердің айтуынша, ота барысында ауыр жағдайлар тіркелген. Жүрек бірнеше рет тоқтап қалған”,- деді Жұлдыз Азанова. 

 Өкінішке қарай, барлық көрсетілген медициналық көмектерге қарамастан, бала 13-ші сәуір күні қайтыс болған.

"Ұлымды азаптап, өлімге жеткізді. Оны енді ғана мәйітханадан алып шықтым. Өлімі туралы анықтама алдым. Менің жанайқайымды бүкіл Қазақстан естісін. Егер дәрігерлер жұмыс істей алмаса, орнын босатсын. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігіндегі біліксіз шенеуніктер де қызметінен кетсін",- деді Жұлдыз Азанова.

Жұлдыз Азанованың туыстары Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасына жүгінгенімен, нақты жауап ала алмаған. Осыдан кейін олар облыстық прокуратураға ресми түрде шағым түсірген. Прокуратура өз кезегінде денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен байланыс орнатып, істі қарауды бақылауға алған. Марқұм баланың туыстары оқиғаны жан-жақты әрі әділ тергеуді талап етіп отыр. Марқұмның анасы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне бейнеүндеу жолдап, болған жағдайға тексеріс жүргізуді және медицина қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді сұрады.

“Қазіргі уақытта құзырлы органдар тарапынан тиісті тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тексеру нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданады, – деді Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы.