Белгілі спортшының атын жамылған алаяқтар әшкереленді
Алаяқтар танымал спортшының бейнесін пайдаланып, азаматтарды алдауға тырысқан,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Massaget.kz сайтынв сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, полиция қызметкерінің телефонына өзін Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамдар хабарласқан. Олар әйелге атына тіркелмеген күмәнді есепшоттар бар екенін айтып, ақшаны «заңдастыру» қажеттігін түсіндірмек болған. Алайда әйел олардың сөзіне күмәнданып, әңгімені тоқтатуға тырысқан. Осыдан кейін алаяқтар психологиялық қысымды күшейту үшін бейнеқоңырауға өзін арнайы қызмет өкілі ретінде таныстырған ер адамды қосқан. Оның сырт келбеті танымал ресейлік спортшы, жекпе-жек шебері әрі актер Олег Тактаровқа қатты ұқсас болған.
Полиция мәліметінше, танымал адамдардың бейнесін қолдану – жәбірленушінің сеніміне кіру үшін жасалатын кең таралған тәсілдердің бірі. Ведомство өкілдері полиция қызметкері алаяқтық белгілерін дер кезінде байқап, дұрыс әрекет еткенін атап өтті. Күдіктілер мақсатына жете алмаған соң әңгімені тоқтатып, қайта хабарласпаған. Құқық қорғау органдарының айтуынша, соңғы уақытта алаяқтар дипфейк технологиясын жиі қолдана бастаған. Оның көмегімен олар шынайы адамға ұқсайтын жалған бейнежазбалар мен фотосуреттер жасап, азаматтарды адастыруға тырысады. Мамандар күмәнді қоңырауларға сенбеуге, жеке деректер мен банк мәліметтерін бөгде адамдарға бермеуге шақырады. Сондай-ақ полиция қызметкерлері мемлекеттік органдар мен банктер мессенджер арқылы ақша аударуды талап етпейтінін және азаматтарға бейнеқоңырау арқылы қысым жасамайтынын еске салды.







