Белгілі спортшының әйелі мінген көлік апатқа ұшырады: Қайғылы оқиғада 2 адам қаза тапты

2 431

Фото: instagram.com/jagdaikzЖамбыл облысында төрт адам жантүршігерлік жол апатына түсті. Екі адам қаза тауып, екеуі ауруханаға жеткізілді. Әлеуметтік желіде көлікте атақты файтер Шавкат Рахмоновтың әйелі мен баласы болған деген ақпарат тарады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Жамбыл облысының полиция департаменті жол апатының болғаны растағанымен, зардап шеккендердің жеке басы туралы ақпарат бермеді. 

“2025 жылы 27 шілде күні сағат 08:50-де республикалық маңызы бар Алматы – Екатеринбург автожолының 299-шақырымында Toyota Land Cruiser 200 автокөлігінің жүргізушісі, Қарағанды облысы жағынан Алматы қаласы бағытында келе жатып, көлік тізгініне ие бола алмай, аударылып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам ауруханаға жеткізілді”, – деп мәлімдеді Жамбыл облыстық полиция департаменті.

Жол-көлік оқиғасы бойынша құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің “Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Полиция қаза тапқан адамдар мен зардап шеккендердің аты-жөнін ресми түрде жарияламады. Алайда көлікте әлеуметтік желіде UFC жұлдызы, спортшы Шавкат Рахмоновтың жұбайы болғаны туралы ақпарат тарады.

“Жол апаты Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында болған. Гүлайым Рахмонова ұлымен және құрбыларымен Қарағандыдан Алматыға келе жатқан. Алматы – Екатеринбург тасжолының 296-шақырымында Toyota Land Cruiser жол талғамайтын көлігі аударылып кеткен. Жүргізуші көлікті басқара алмай қалған. Оқиға орнында 39 жастағы әйел көз жұмған, тағы бір 35 жастағы әйел ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болған. Рахмонова мен оның ұлы Шу қаласындағы ауруханаға жеткізілген, жағдайлары – орташа ауыр деп бағаланды", – делінген жазбада.