Қармақшы ауданында әлеуметтік жобалар мен бағдарламалар аясында жиын өтті

2 271

Фото: Қармақшы аудан әкімдігіҚармақшы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында кент және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ сала мамандарының қатысуымен маңызды жиын өтті. Жиынға аудан әкімі аппаратының басшысы Диас Асылбекұлы төрағалық етті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Күн тәртібінде:

  • «Қарызсыз қоғам» жобасы,
  • Ұлттық жобалар,
  • «Жастар практикасы» және «Әлеуметтік жұмыс орындары» бағдарламалары,
  • Мемлекеттік қызметшілердің этикалық нормаларын сақтау мәселелері талқыланды.

Жастарды жұмыспен қамту — басты назарда

Жиында алғашқы болып сөз алған аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғабит Кенжеғұлов пен «Мансап» орталығының директоры Орынбек Мұнарбаев «Жастар практикасы» мен «Әлеуметтік жұмыс орындары» бағдарламаларының орындалу барысы мен алдағы жоспарларына тоқталды.

Бағдарламалар шеңберінде аудан жастарына уақытша жұмыспен қамту, тұрақты еңбек дағдысын қалыптастыру, жұмыс тәжірибесі арқылы болашаққа жол ашу мүмкіндіктері қарастырылып жатқаны айтылды.

«Қарызсыз қоғам» – қаржылық сауаттылықты арттыру жобасы

Жиын барысында «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, борыш жүктемесін төмендету, несиелік тәуекелдердің алдын алу сияқты бағыттарда жүргізілетін жұмыстарға тоқталынды. Жоба ауылдық округтерде практикалық деңгейде іске асырылатын болады.

Мемлекеттік қызметтегі әдеп – тұрақты назарда

Сонымен қатар, жиында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі мен Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселесі де қозғалды. Бұл бағытта түсіндірме жұмыстарын аудан әкімдігінің кадр қызметі бөлімінің басшысы Нұржан Тоқшылықов жүргізді. Ол мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі, әділдігі мен жауапкершілігі ел сенімінің кепілі екенін атап өтті.

Нақты тапсырмалар берілді

Жиын соңында көтерілген мәселелер негізінде нақты ұсыныстар қаралып, барлық ауылдық округ әкімдері мен жауапты сала мамандарына:

Бағдарламалар бойынша жұмысты сапалы әрі мерзімінде орындау,

Жобаларды жергілікті деңгейде жүйелі іске асыру,

Халықпен кері байланысты нығайту сынды бірқатар міндеттер жүктелді.

Аудан деңгейінде өткен бұл жиын – жастарды қолдау, тұрғындардың қаржылық сауатын арттыру және мемлекеттік қызмет сапасын көтеруге бағытталған маңызды диалог алаңы болды. Барлық көтерілген бастамалар алдағы уақытта жүйелі түрде жүзеге асырылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беретіні сөзсіз.