Жаңақорғанда әкімдік мәжілісі өтті

2 328

Фото: Жаңақорған ауданының әкімдігі11 тамыз күні Жаңақорған ауданының әкімі Мәжит Самитовтың төрағалығымен әкімдік мәжілісі өтіп, онда екі маңызды мәселе қаралды: салық базасын ұлғайту жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы және 2025 жылдың маусым айында тұрғындармен кездесуде көтерілген ұсыныстарды жүзеге асыру, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Салық түсімдерін арттыру – экономикалық тұрақтылық кепілі

Күн тәртібінің алғашқы мәселесі бойынша аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Қалдыбек Мұсаев баяндама жасап, аудан аумағындағы салық салу базасын кеңейту бағытындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды.

Аудан әкімі Мәжит Самитов бұл бағыттың маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол әлемдік экономиканың тұрақсыздығы республикалық бюджетке де әсер етіп отырғанын айтып, жергілікті кірісті арттыру – стратегиялық міндет екенін жеткізді.

"Қазіргі әлемдік экономикадағы күрделі жағдай біздің елімізге де әсер етуде. Республикалық бюджеттің тапшылығы сезілуде. Алайда облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев жергілікті бюджетті толықтыратын көздерді табу, кірістер бөлігін ұлғайту жөнінде талап қойып отыр. Сондықтан салық базасын ұлғайту тапсырмаларының орындалуы қатаң бақылауда болады", – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, кент және ауылдық округ әкімдеріне салықтық базаға қатысты арнайы алгоритмге сәйкес жұмысты жүйелі, сапалы әрі уақытылы жүргізу тапсырылды.

Тұрғындар ұсынысы – назардан тыс қалмайды

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімі 2025 жылдың маусым айында кент және ауылдық округ тұрғындарымен өткізілген кездесулердің қорытындысына тоқталды. Бұл кездесулер барысында 64 нақты ұсыныс-пікір түсіп, олардың барлығы арнайы іс-шаралар жоспарына енгізілген.

"Халықпен кездесуде көтерілген әрбір мәселе – тұрғындардың шынайы қажеттілігі. Сондықтан бұл ұсыныстар жай сөз күйінде қалып қоймауы керек. Бөлім басшылары, сала жетекшілері және ауыл әкімдері ұсынылған мәселелердің нақты шешімін табуға атсалысуы тиіс", – деді Мәжит Самитов.

Әкім нақты тапсырма ретінде:

  • Әрбір ұсыныстың уақтылы орындалуын;
  • Іс-шаралар жоспарының орындалу мониторингін;
  • Жауапты тұлғалардың дер кезінде есеп беруін талап етті.

Жиын қорытындысында аудан басшысы аталған екі мәселе де аудан дамуы мен тұрғындардың әл-ауқаты үшін аса маңызды екенін атап өтіп, жауапты басшылар мен мекеме өкілдеріне жүйелі әрі нәтижелі жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Бұл әкімдік мәжілісі жергілікті басқару мен халық арасындағы байланысты нығайтып, нақты ұсыныстарды іске асыруға бағытталған қадам болды.