Аймақ басшысы мен «POWER INTERNATIONAL HOLDING» өкілі ынтымақтастықты талқылады
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Power International Holding» компаниясының Қазақстандағы атқарушы директоры Амер Махасенмен кездесті. Тараптар энергетика, инвестиция және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында аймақ басшысы Қызылорда облысының инвестициялық әлеуеті, жүзеге асып жатқан ірі жобалар мен алдағы жоспарлар туралы баяндап, халықаралық компания өкілін Сыр өңіріне қош келдіңіз айтып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті ерекше атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни арасында қол қойылған келісімдер екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға берік негіз болды. Осы келісімдер аясында «Power International Holding» компаниясы Қызылорда облысында қуаттылығы 1100 мегаватт болатын газ-электр станциясын салуды жоспарлап отыр, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Аймақ басшысы атап өткендей, еліміздің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының тапшылығы сезілуде. Жаңа бу-газ станциясының салынуы энергетикалық қауіпсіздікті нығайтып қана қоймай, республиканың экономикалық өсіміне серпін береді.
– Бұл жоба тек Қызылорда облысы үшін емес, жалпы еліміз үшін стратегиялық маңызға ие. Ол өңірдегі жаңа өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандардың іске қосылуына мүмкіндік беріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді. Бүгінде жобаны орналастыру үшін 250 гектар жер телімі бөлініп, тиісті келісімдер жүргізілуде, – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне де кеңінен тоқталды. Облыс минералды-шикізат ресурстарына бай. Мұнда қара және түсті металдардың, сирек кездесетін жер элементтерінің, сондай-ақ уран, ванадий, мырыш, қорғасын сынды пайдалы қазбалардың мол қоры шоғырланған. Атап айтқанда, еліміздің ванадий қорының 66 пайызы, мырыштың 16 пайызы, қорғасынның 11 пайызы және уранның 15 пайызы осы аймақта орналасқан.
– Мұнай қорының жылдан-жылға азаюын ескере отырып, біз шикізатты өңдеу саласында бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделіміз. Бұл бағытта құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, тамақ, химия және тау-кен өнеркәсібі сынды салаларда нақты ұсыныстарымыз бар, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар облыс әкімі «Power International Holding» компаниясының өкіліне құны 2,2 миллиард АҚШ долларын құрайтын 61 инвестициялық жобаның тизерлерін таныстыруды ұсынды. Аталған жобалар арнайы экономикалық аймақ пен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген индустриялық аймақта орналасуы мүмкін.
Өз кезегінде Амер Махасен Сыр өңірінің даму әлеуетіне оң баға беріп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытында жан-жақты қарастырып, қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
– Қызылорда облысы – Қазақстандағы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Мұнда инвестиция салуға қолайлы жағдай жасалған. Біз бірлескен жобаларды талқылауға және оларды іске асыруға мүдделіміз, – деді компания өкілі.
Айта кету керек, Қызылорда облысында қазіргі таңда Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен «Aksa Enerji» компаниясымен бірлесіп, қуаттылығы 240 мегаватт болатын жаңа жылу-электр орталығының құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба аймақтағы электр энергиясына деген сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, энергетикалық қауіпсіздікті арттырады.
Қызылорда облысы алдағы уақытта да шетелдік инвесторлармен тығыз қарым-қатынас орнатып, өңір экономикасын дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруды жалғастыра бермек.







