Данияр Жаналинов халықты әлеуметтік қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді

2 272

Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында қоғамның басты құндылығы – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету екенін атап өтті. Президент халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, жұмыссыздықпен күресті күшейту және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға ерекше назар аударды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Аталған тапсырмаларды орындау бағытында Қызылорда облысында кешенді шаралар қолға алынып, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов мәлімдеді.

Медициналық қызмет қолжетімді бола түсті

Облыста денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлінуде. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» арқылы 124 медициналық ұйыммен келісімшарт жасалып, халықтың сапалы медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігі артты. Биылғы бірінші жартыжылдықта көрсетілген медициналық қызметтердің ақысы толық көлемде төленді.

Жұмыспен қамту – негізгі басымдық

Жұмыспен қамту бағытында да айтарлықтай ілгерілеу бар.

«2025 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту жол картасы» аясында 46 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланса, қазіргі таңда оның 27 мыңнан астамы құрылған.

Оның ішінде 15 мыңнан астамы тұрақты, 12 мыңнан астамы уақытша жұмыс орындары.

Сонымен қатар, 7 мыңға жуық азамат бос жұмыс орындарына орналастырылса,

11 мыңнан астамы субсидияланатын жұмысқа жіберілді.

Президенттің «10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру» тапсырмасы бойынша 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Әлеуметтік қолдау және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек

Әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қолдау көрсету мақсатында:

600-ден астам азамат жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін қайтарымсыз мемлекеттік грант алды.

27 мыңнан астам мүгедектігі бар азаматтың 23 мыңнан астамы жеке оңалту бағдарламасына сәйкес техникалық құралдармен қамтамасыз етілді. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада бірінші орында.

Инватакси қызметін пайдаланушылар саны артып, облыс бойынша 67 арнайы көлікпен 1500-ден астам азаматқа қызмет көрсетілді.

Білім беру мен жастарға қолдау

Жастарға арналған қолдау шараларының бірі – облыс әкімінің білім гранты.

Биыл 100 талапкердің оқу ақысы төленіп, жолақысы мен тамағына қосымша жәрдем берілуде.

Оның 70 пайызы жұмысшы мамандықтарына бағытталған.

Қауіпсіздік пен инфрақұрылым

Балалардың қауіпсіздігі мен салауатты дамуын қамтамасыз ету мақсатында:

200-ден астам мектепте ақпараттық-түсіндіру сабақтары өткізілді;

Ата-аналарға қауіпсіздік бойынша түсіндірме жадынамалар таратылды.

Сонымен бірге:

2025 жылға дейін өңірдегі 360 әлеуметтік нысанды бейімдеу жоспары бар. Қазіргі таңда оның 135-і қолжетімді етілді.

Тікелей әлеуметтік төлемдер

Жыл басынан бері:

296 мыңнан астам азаматқа зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер берілді.

19 мыңнан астам отбасы мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

5 мыңнан астам балаға қосымша төлем жасалды.

700-ден астам отбасы коммуналдық шығындарын жабу үшін тұрғын үй көмегін алды.

Жекелеген санаттағы 8 мыңнан астам азаматқа жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік төлемдер жүргізілді.

Басқару мен үйлестірудің нәтижесі

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов:

"Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау – біздің басты міндетіміз. Қызылорда облысында әлеуметтік саясат нақты жобалармен және нақты қолдаулармен жүзеге асуда. Халықты әлеуметтік қорғау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады," – деп атап өтті.

Бұл бастамалардың барлығы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып, қоғамдық оптимизм мен әділеттілікті орнықтыруға бағытталған Мемлекет басшысының стратегиялық бағытының табысты жүзеге асып жатқанын көрсетеді.