Алматы қаласында дәретханадан табылған сәбидің жағдайы ауыр
Алматыда дәретханадан табылған шақалақтың жағдайы ауыр. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
25 тамыз күні таңғы сағат 06:53-те Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығына жаңа туған нәресте түскен. Шақалақ бірден жансақтау бөліміне жатқызылды.
Баланың 17 жастағы анасы да ауруханада жатыр. Қазір оның жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.
Еске салайық, 25 тамыз күні түнде қаланың Түрксіб ауданында жаңа туған нәрестені құтқаруға арналған арнайы іс-шара өтті. Түрксіб аудандық полиция басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторы Нұржан Шатуновтың айтуынша, сағат екіде кәмелетке толмаған қыздың түсік тастағаны туралы хабар берілген. Полицей дәретхана шұңқырынан шақалақты алып шықты. Кейін Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен полиция капитаны Нұржан Шатунов батылдығы үшін майор шенін алды.