Шиелі ауданында жас сарбаздарды әскерге шығарып салу салтанатты шарасы өтті

2 265

Фото: Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметіШиелі ауданындағы Тағзым алаңында «Отан қорғау – азаматтық борышымыз» атты әскери-патриоттық бағыттағы салтанатты шара өтті. Бұл — Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарын толықтыратын болашақ сарбаздарды құрметпен шығарып салуға арналған маңызды рәсім.

Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Ысмағұлов ашып, жас азаматтарға сәт-сапар тілеп, ел қорғаны болудың маңызын атап өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

— Отанды қорғау — әрбір азаматтың қасиетті парызы. Бүгінгі жастар — еліміздің тірегі, Тәуелсіздігіміздің берік қалқаны. Ел армиясының сапын толықтырып отырған сіздердің бұл қадамдарыңыз — нағыз патриотизмнің көрінісі, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Құрметті қонақтар қатысып, ізгі тілектерін білдірді

Салтанатты жиынға қоғам мен сала ардагерлері және қауіпсіздік құрылымдарының өкілдері қатысты. Атап айтқанда:

  • Қанат Бегманов – Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы;
  • Асан Сармантаев – құқық қорғау саласының ардагері;
  • Ғалымжан Байжанов – Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыстардың ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы;
  • Аслан Манапов – ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Шиелі шекара бөлімінің бастығының орынбасары, капитан;
  • Назгүл Шәлекеева – аудандық мәслихат депутаты.

Сонымен қатар БАҚ өкілдері, жергілікті қоғам белсенділері және әскерге шақырылған азаматтардың ата-аналары қатысып, ұлдарын шығарып салып, ақ баталарын берді.

Сарбаз сапына қосылатын жастар

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 33 жыл толып отыр. Бұл – еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру жолындағы айтулы кезең.

2025 жылғы көктемгі шақырылымда Шиелі ауданынан 92 жас әскер қатарына аттанса, күзгі әскерге шақыртуда 96 азаматты жөнелту жоспарлануда. Бүгінгі шара аясында 10 жас сарбаз Отан алдындағы борышын өтеу үшін салтанатты түрде жолға шықты.

Болашақ сарбаздарға сәт-сапар

Салтанатты шара патриоттық рухтағы әндермен, саптық өлеңдермен және әскери тақырыптағы көріністермен жалғасып, болашақ сарбаздарға отбасылары мен жерлестері ізгі тілек білдірді. Әскерге аттанған азаматтарға туыстары ақжол тілеп, сәтті қызмет етіп, аман-есен оралуларын тіледі.

Осындай игі бастамалар жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді қалыптастыруға бағытталған. Әскер – тек міндет емес, ол – тәртіп пен жауапкершілік мектебі. Ел тыныштығын күзететін ер-азаматтарға артылар сенім зор.