Қазалы ауданында егін жинау науқаны мен жылу беру маусымына дайындық пысықталды

1 465

Фото: Қазалы аудан әкімдігіБүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен егін жинау науқанының барысы бойынша селекторлық режимде мәжіліс өтті. Жиынға Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Әбсұлтанов онлайн режимде қатысып, облыс басшысы жүктеген тапсырмаларды негізге ала отырып, аудан көлемінде арнайы жиын өткізді. Онда күн тәртібіндегі мәселелерге сәйкес жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктелді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Егін жинау қарқыны – басты назарда

Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Мұрат Байғабылұлы аудан бойынша ауыл шаруашылығы науқанына қатысты негізгі көрсеткіштерді атап өтті.

– Биыл Қазалы ауданы бойынша жалпы 17 445 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған, оның ішінде күріштің көлемі – 5 636 гектарды құрайды. Алайда қазіргі таңда егін жинау жұмыстары баяу жүргізілуде, бұл алаңдаушылық тудырып отыр. Ең басты міндет – ел ырыздығын ысырапсыз жинап, қамбаны астыққа толтыру, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар ол жауын-шашын және ерте түсетін суықтар дәнді дақылдарға қауіп төндіретінін айтып, егісті уақытылы жинаудың маңыздылығына тоқталды. Қолда бар ауыл шаруашылығы техникаларын тиімді пайдалану қажеттігі де назардан тыс қалмады.

Ауыл шаруашылығын әртараптандыру – уақыт талабы

Мұрат Әбсұлтанов өз сөзінде су тапшылығы мәселесіне де ерекше тоқталып өтті. Соңғы жылдары су көлемі азайып келе жатқанын ескерген аудан басшылығы егін шаруашылығын әртараптандыру, заманауи технологиялар мен аз су тұтынатын дақылдарға көшу қажеттігін алға тартты.

– Су тапшылығы жылдан-жылға үдеп барады. Бұл – табиғи ғана емес, экономикалық та қауіп. Сондықтан дәстүрлі күріш егуден біртіндеп бас тартып, аз су қажет ететін дақылдарға көшу – біздің басты міндетіміз болуы тиіс, – деді ол.

Ауылдық округтер мен шаруашылықтар бірігіп жұмыс істеуі қажет

Мәжіліс барысында аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөліміне, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері мен шаруашылық басшыларына бірлесе отырып, егін жинау науқанын жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Аудан әкімінің орынбасары жұмыс үйлесімділігі мен бақылау тетіктерін күшейтуді талап етті.

Қысқы жылу маусымына дайындық та бақылауда

Жиын соңында келер қысқы жылу беру маусымына дайындық мәселесі де қаралды. Аудан бойынша білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік мекемелер мен тұрғын үйлердің жылуға дайындығы талқыланып, жауапты сала басшыларына кемшіліксіз жылу маусымын өткізу бойынша нақты тапсырмалар берілді.

– Қыстыгүні жылу – басты қажеттілік. Қандай да бір ақауға жол беруге болмайды. Бүгіннен бастап барлық жөндеу, жабдықтау және қазандықтармен байланысты жұмыстар толық аяқталуы тиіс. Тұрғындардың шағымына жол берілмесін, – деп қорытындылады жиынды Мұрат Байғабылұлы.

Қазалы ауданында егін жинау мен қысқы жылу беру маусымына дайындық — күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да қатаң бақылауда болады. Аудан әкімдігі тиісті сала басшыларымен бірлесіп, ауыл шаруашылығын дамыту және тұрғындарды үздіксіз жылумен қамту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуге дайын.