Күзетші мен тұрғынды 12 адам соққыға жықты

2 524

Фото - Caravan.kzАлматы қаласындағы "Каспий" тұрғын үй кешенінде жаппай төбелес орын алып, күзетші мен тұрғынды бір топ ер адам соққыға жықты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Оқиға 5 қараша түні болған. Куәгерлердің айтуынша, шамамен 12 адам тұрғын үйдің ауласында күзетші мен тұрғынға шабуыл жасаған. Жанжал сәті бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желіде тараған. Қақтығыстың нақты себебі әзірге белгісіз.

Алматы қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" бабы бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді. Алты адам анықталып, ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

"Мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін өрескел бұзады. Әр қатысушы заң аясында жауап береді", – деді Алатау ауданы полиция басқармасының бастығы Еділхан Байғараев.

Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция тұрғындарды кез келген дауды бейбіт жолмен шешуге және зорлық-зомбылықтан аулақ болуға шақырды.