Азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу жүйесіне өзгерістер енгізілді

1 514

Фото: "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ24 қарашадан бастап Қазақстанда азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу тәртібі жаңарады. Қызмет тек онлайн форматта — eGov.kz порталы және eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы көрсетіледі,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа ережелерге сәйкес, қызметті келесі азаматтар пайдалана алады:

  • ҚР азаматтары, соның ішінде тұрғын үй иелері;

  • Қабілеті шектеулі 18 жастан асқан азаматтардың қамқоршысы;

  • 14–16 жастағы балалардың ата-аналары немесе заңды өкілдері.

14 жасқа дейінгі балалар жеке тіркелмейді — олардың тұрғылықты жері ата-анасының мекенжайымен бірдей деп есептеледі.

Мемлекеттік жалдамалы тұрғын үйге тіркеу тәртібі де жаңартылды: енді жалға алушы тек шартта көрсетілген адамдарды ғана тіркей алады. Егер өтініш беруші тізімде болмаса, жүйе өтінішті автоматты түрде кері қайтарады.

Өзгенің үйіне тіркелуге өтініш берілген жағдайда, мекенжай иесіне 1414 нөмірінен SMS жіберіледі. Ол бір сағат ішінде келісімін растауы керек.

Тіркеуден онлайн өту үшін азаматтар порталда немесе мобильді қосымшада авторизациядан өтіп, электрондық өтінімге ЭЦҚ немесе SMS-код арқылы қол қояды. Өтінімнің мәртебесін жеке кабинеттен тексеруге болады.

Жыл басынан бері тұрғылықты жері бойынша онлайн-тіркеу қызметін шамамен 750 мың қазақстандық қолданған.