М.Шоқай идеясы – түркінің тұтастығы

1 501

Сыр бойыҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Халықаралық түркі академиясының президенті, мұстафатанушы Дархан Қыдырәлі және ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетовтің қатысуымен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «М.Шоқайдың ғылыми-әдеби мұрасының зерттелу деңгейі» атты оқырман сағаты өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Сыр бойы" газетінің сайтына сілтеме жасап.


Жиынның кіріспесінде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов Сыр елінің дара перзенті, ұлт ардақтысы, жалпы түркі әлемі деңгейінде тұғыры биік тұлға М.Шоқайдың өмірі мен сол қоғамдағы саяси қайраткерлік келбетін танытуда зор еңбек етіп келе жатқан, «Мұстафа» атты деректі романның авторы, мұстафатанушы Дархан Қыдырәліге облыс әкімінің құттықтауын табыс етті.


Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы «Шоқайтану» ғылыми орталығының жетекшісі Сағат Тайман ең алғаш 2016 жылы ашылған ғылыми орталықтың үздіксіз жұмыс атқарып келе жатқанын атап өтті.


– Ғылыми орталық жанынан құрылған ғылыми-әдістемелік кеңес бүгінге дейін Франция, Германия, Грузия, Польша мемлекеттерінде болып, біршама құнды деректер жинақтады. Сол ізденістердің нәтижесінде М.Шоқайдың тұлғалық энцеклопедиясының жобасы дайындалды. Иә, қазір мұстафатану аясында көптеген кітаптар, ғылыми-монографиялық еңбектер жарыққа шығып жатыр. Оның ішінде енді ғана оқырманға жол тартқан  «Мұстафа» атты деректі роман мұстафатану ғылымына қосылған сүбелі еңбек деп бағалаймыз. Болашақ ұрпақ үшін берері мол танымдық дүние.


Дегенмен, қайраткердің тұлғасын танытуда әлі де жүйесін таппай тұрған жұмыстар бар. Мысалы, М.Шоқай ескерткіші Қызылорда қаласынан басқа жерде жоқ. Ол – осы өңірдің тумасы болғанымен, жалпы түркі жұртына ортақ тарихи тұлға. Осы орайда Астана, Алматы сынды ірі қалалардан М.Шоқайдың бір ескерткіші бой көтерсе, елдің де рухын көтерер еді. Осы мәселеге мемлекеттік деңгейде назар аударылып, қолға алынса құба-құп болар еді,– деді С.Тайман.


ҚР Парламенті Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов «Нартұлға» сериясымен жарық көрген «Мұстафа» деректі романында ХХ ғасыр кезеңінде әлемді шарпыған тарихи оқиғаларды кеңінен қамтып, оның ішінде М.Шоқайдай тұлғаның туғаннан бастап, бүкіл өміріне талдау жасай келіп, сол тарихи кезеңдегі  саяси қайраткерлік болмысына баға берілгенін айтты.


– ХХ ғасырдың басы – шынын айтқанда, әлемде аласапыран уақыт. Бір формацияның екінші формацияға ауысуы, өркениеттер қақтығысының басталуы, яғни, бұрын адамзаттың ойына келмеген сұрапыл процестердің жүзеге асырылу кезеңі. Деректі романда дәл сол кезеңде өмір сүрген  М.Шоқайдың  артында қалған мұрасы арқылы көптеген тың деректер бізге жетіп отыр. Тарихи процестер нақты деректер мен архив құжаттары арқылы көрсетілген. Бұл алдағы уақытта да жас ғалымдардың, мұстафатанушылардың өз еңбектеріне пайдалануына үлкен мүмкіндік десек болады. Бір сөзбен айтқанда, оқырман жүрегіне ойып орын алатын туынды, – деді Н.Байқадамов. Сондай-ақ ол осы романға алғысөз жазған Қазақстанның Еңбек ері, Мемлекеттік сыйлық иегері Ә.Таразидің осынау ғылыми маңызы зор көркем туындыға жоғары баға бергенін атап өтті.


Жиын модераторы Нұрлыбек Мыңжас «Мұстафа» деректі романы төңірегінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемовтің де пікіріне тоқталып, лайықты баға берілгенін айтты.


Тарих ғылымдарының кандидаты Уәлихан Ибраев өз баяндамасында   ХХ ғасыр басында М.Шоқай көтерген түркі халықтарының тұтастығы идеясы әлі күнге дейін, тіпті болашақта да өміршең әрі өзекті екенін айтты.


– Еліміздің арғы-бергі тарихында түркі халықтарының ортақ құндылығы мен саяси бірлігі әрдайым маңызды болған. М.Шоқай өзінің түркі халықтарын біріктіру идеясын саяси деңгейге көтерді. Соның көрінісі – 1917 жылдың қарашасында Түркістан автономиясы өмірге келген еді. Бір сөзбен айтсақ, М.Шоқай тұтас Түркістан мемлекетін құру идеясын нақты жүзеге асыра алды, идеядан саяси актіге қол жеткізді,– деді ол.


Жиында оқырманға жол тартқан «Мұстафа» деректі романының тарихи маңызы, ғылыми әлеуеті және көркемдік мазмұны туралы сөз қозғалып, М.Шоқайдың туған топырағында танымдық жұмыстарды арттыра түсуге байланысты біршама ұсыныс-пікір қозғалды. Мысалы, М.Шоқайдың туған жерін, сондай-ақ оның өміріне қатысы бар жерлерді мемлекет қорғауына алып, келешекте туристік орындарға айналдырудың жас ұрпақ  үшін, жалпы түркі жұрты үшін маңызы зор екені айтылды. Сенатор Дархан Қуандықұлы бұл айтылған ұсыныстарды өз тарапынан  толық қолдайтынын айтты.


– Жақында Алматы облысының «Жаңалық» деген ауылына барып қайттық. Ол жерде 160-тан астам Алаш қайраткерлері атылған екен. Мен таяуда депутаттық сауалымда осы мәселені көтердім. Біз А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, тағы басқа зиялы тұлғаларымыздың қайда жатқанын білмейміз. Сондықтан атабейіт сияқты тағзым орталығын жасақтау мәселесін ұсындық. Мысалы, Боралдайда «Қандысай» деп аталатын жерде он тоғыз нарком жатыр. Осындай тарихи маңызы бар жерлерді мемлекет қарауына алып, тағзым орталығына айналдыру, олардың артында қалған мұрасын жинақтап, боздақтарға арналған музей ашу мәселесіне нақты назар аударатын уақыт жетті. Осы орайда М.Шоқайдың денесін әкелу бойынша М.Қойгелді ағамыздың ұсынысын да қолдаймын. Егер бұл мәселе мемлекеттік деңгейде шешімін тауып, М.Шоқайдың денесі Германиядан елге әкелінсе, Түркістанға қойылуы керек деп ойлаймын.


Осындай рухани маңызды қадамдар бізді тәуелсіздікті қадірлеуге, қазір күшейіп келе жатқан Түркістан идеясын нығайтуға, боздақтар алдындағы борышымызды өтеуге бағытталған лайықты іс болар еді, – деді Д.Қыдырәлі. Сонымен қатар, сенатор Дархан Қыдырәлі облыстық кітапханаға «Нүкте», «Абыздар аманаты», «Тамыр» кітаптарын және «Мұстафа» деректі романының алғашқы кітабын тарту етті. Алдағы уақытта Сыр оқырмандары үшін М.Шоқай өміріне қатысты құнды деректерді де табыстайтынын айтты.


Жиында тұтас Түркістанның азаттығы үшін күрескен Мұстафа Шоқайдың тарихи тұлғасы мен идеясының біртұтас әрі өміршеңдігі тұрғысында келелі ой қозғалып, кең ауқымды пікірлер ортаға салынды. Қоғам қайраткері, Т.Жүргенов қорының төрағасы Сәпен Аңсат, Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі Қаршыға Есімсейітова, тарихшы, өлкетанушы Жұмабай Байзақ сынды қоғам өкілдері ұсыныстарын айтты.


Оқырман сағатына келушілер «Мұстафа Шоқай және түркі әлемі» атты арнайы кітап көрмесіне қойылған архив құжаттары, М.Шоқайдың әр жылдары жарық көрген кітаптары, мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалары, мұстафатанушы-ғалымдардың ғылыми еңбектері сияқты құнды деректермен танысты.


Айта кетейік, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық ғылым академиясының академигі  Дархан Қыдырәлі Сыр еліне келген сапарында «Анаға тағзым» орталығында болып, заман талабына сай дәстүрлі әрі жаңашыл, креативті бастамаларды іске асырып отырған орталықтың жұмысымен танысты. Сыр аналарының қолынан шыққан көркем туындыларды, зергерлік қолөнер бұйымдарын көріп, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ «Нүкте» деп алатын көркем публицистикалық туындысын тарту етті.


Орталықтың «Шамшырақ» студиясында сұхбат беріп, арғы-бергі тарихымыздағы аналар келбеті, жалпы бүгінгі қоғамда әрбір отбасындағы аналардың жауапкершілігі туралы сөз сабақтады. Оның ішінде қарапайым еңбек ету үлгісін қалыптастыруда, ұрпақ тәрбиесінде аналардың  орны әрдайым биік екенін атап өтті. Әсіресе, қазіргідей қоғам қабағы құбылып тұрған күрделі кезеңде жас ұрпақтың бойына ауыл өмірінің тыныс-тіршілігін, ата-бабадан жалғасып келе жатқан  салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты терең сіңірудің маңызы зор екеніне тоқталды.


Ғазиза ӘБІЛДА